Биыл бензин және дизельдік отынның 90% отандық өнім қамтамасыз етеді

0 0

2018 жылы ішкі нарықты отандық бензин және дизельдік отынмен 90%, әуе керосинімен 70% қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz .

Министр алдымен өткен жылы Павлодар мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртудан өткенін атап өтті. Ал 2018 жылдың екінші жартыжылдығында Шымкент мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталады.

«Осылайша, 2018 жылы мұнайды өңдеу көлемі 1 млн 100 мың тонна болып, жалпы елімізде 16 млн тонна мұнайды өңдейтін боламыз. 2018 жылдың екінші жартыжылдығында еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарындағы күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, зауыттар толық қуатта жұмыс істеуге көшеді», — деді Қанат Бозымбаев Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Осы орайда ол бұл жұмыстың аяқталуы энергетика саласына оң әсер ететінін жеткізді.

«Сәйкесінше, сертификациядан кейін бензин, дизель отыны және әуе керосині бойынша импортқа тәуелділіктен арылып, отандық нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, мұнайды өндіру деңгейін 63%-дан 83%-ға көтереміз. Үшіншіден, экологиялық талапқа жауап беретін К4, К5 сапасындағы өнімдерді шығарамыз. Төртіншіден, жанар-жағармай өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндігі артады», — деді министр.

Сонымен қатар Қанат Бозымбаев биыл ішкі нарықта жанар-жағармайға қатысты мәселе туындымайтынын айтты.

«2018 жылы ішкі нарықты отандық жанар-жағармаймен 90%, дизельдік отынмен 90%, әуе керосинімен 70%, мазутпен 100% қамтамасыз етеміз», — деп түйіндеді сөзін министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.