Қазақстан Тәжікстанға 1 гектар жерді жалға бермек

0 0

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Тәжікстан өзара жер учаскелерімен алмасып, аталған аумақта өз елшіліктерін салуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz .

Парламенттің төменгі палатасында «ҚР Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Заңды депутаттарға Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов таныстырды.

«Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер телімдерін өзара беру туралы келісімге Астанада 2010 жылы қол қойылған. Бұл келісім — екі елде дипломатиялық өкілдердің болуы және жұмыс істеу жағдайларын қамтамасыз ететін маңызды құжат. Келісімге сәйкес, тәжік тарапы бізге Қазақстан елшілігінің ғимаратын салу үшін Душанбе қаласындағы И. Сомони даңғылы бірінші дипломатиялық қалашықтағы жалпы алаңы 1 гектар жер учаскесін береді. Жалға беру мерзімі 49 жылды құрайды және жылына 1 сомони мөлшерінде жалдау ақысы төленеді», — деді министр.

Осы орайда ведомство басшысы Тәжікстанға Астанадағы қай көшеден жер учаскесі берілетінін айтты.

«Қазақстан тарапы тепе-теңдік негізінде тәжік жағына Астанада Шәмші Қалдаяқов көшесінің оңтүстігінде орналасқан жалпы алаңы 1 гектар жер телімін бөледі. Жалға беру мерзімі 49 жылды құрайды және жылдық ақысы 1 теңге», — деді Қайрат Әбдірахманов.

Тиісті талқылаудан кейін Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын мақұлдады

Leave A Reply

Your email address will not be published.