«Алтын белгілерге» жеңілдік жасалмауы мүмкін

0 11

Бұрын ҰБТ-да алған балына қарамастан «Алтын белгілерге» гранттар берілетін. Енді оларға басымдық ҰБТ-да жинаған ұпайлары басқа оқушылармен тең болған жағдайда ғана беріледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен отырыста ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Бүгін Мәжілісте «Архив ісі» туралы заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу мәселесі талқыланды. Аталған заң аясында еліміздегі бірнеше заңдарға өзгерістер енгізіледі. Оның ішінде білім туралы заң да бар.

Алдағы уақытта білім туралы заңға енгізілетін өзгеріс мемлекеттік гранттарды бөлуге қатысты. Аталған өзгерісті депутаттар қолдады. Отырыстан шыққан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев журналистерге заңға енгізілетін өзгерісті түсіндірді.

«Бұл өзгерістерді көптеген қазақстандық түлек күтіп отыр. Бұл мәселені ұзақ уақыт бойы талқыладық. Енді депутаттардың қолдауымен, жаңа заңға талапты енгізгелі отырмыз. Ондағы өзгеріс бойынша «Алтын белгі» иегері мен оқушы ҰБТ-да жинаған балдары бірдей болса, грант «Алтын белгіге» беріледі», — деді министр.

Осы орайда Ерлан Сағадиевтің сөзін орынбасары толықтырды.

«Заңға енгізілген өзгеріске тоқталайын. Өткен жылы «Алтын белгі» иегерлері грантты алғанда олардың басқа түлектердің алдында толық басымдылығы болған. ҰБТ-да алған балдарына қарамастан Алтын белгі иегерлеріне гранттарды ала беруге мүмкіндік берілді. Алайда қазіргі таңда біз аталған заңға өзгеріс енгізсек, «Алтын белгі» иегерлеріне басымдық тек ҰБТ-да жиған балдары басқалармен тең болған жағжайда беріледі», — деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жаңа талап күшіне енсе, ҰБТ-да оқушы Алтын белгі иегерінен жоғары балл жинаса, ол мемлекеттік грантқа ие болады. Ал егер оқушы мен Алтын белгі иегері бірдей балл жинаса, басымдық соңғысына беріледі.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов заңға неліктен мұндай өзгеріс енгізілгенін түсіндірді.

«Біз өткен жылы ҰБТ-ның жаңа форматын енгіздік. Жаңа формат бойынша аттестатты алу мектептің қабырғасында өтеді. Соның арқасында Алтын белгі иегерін анықтау білім ордасында өтетін болды. Ал ҰБТ бүгінгі таңда жаңа функцияға ие. Оны түлектер жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырады. Бұрын «Алтын белгі» ҰБТ-да қанша балл алса да, ол жоғары оқу орына түсіп кететін. Мұндай жағдай өткен жылы тіркелді. Ал бұл халықтың ашуын тудырды», — деді вице-министр.

Дереккөз: Baq.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.