Ақтөбеде көктайғақ кесірінен бірнеше көлік көпірден құлады

0 4

Ақтөбеде көктайғақтан көлік апаты жиіледі. Облыстың әр ауданы мен орталығында бір мезетте бірнеше көлік көпірден ауып, соқтығысқандары жетерлік. Түнде жауған жаңбыр қатып, адамдар мұзға құлап, аурухана жарақат алғандарға толды, деп хабарлайды Baq.kz .

Ақтөбеде көктайғақ. Түн ауа басталған жауын, соңы желге ұласып, жер мұзға айналды. Құдды көк айдында жүргендей. Кесірінен көлік апаты жиіледі. Облыс орталығының бірнеше ауданындағы көпірлерден көліктер ауып кетті. Тежегіштері әл бермей, жолдан шығып, бір-біріне соқытығысқандары жетерлік.

«Көктайғақтан жүру мүмкін емес. Көлігімді бірден тоқтатуға қорқамын. Жол ортасынан жаяу жүргінші шығып қалмасын деп отырамын. Себебі, жер тайғақта тежегішке сенім жоқ. Тоқтату қиын. Жолға инертті материалдар төсеп, жағдайды қалыпқа келтіру керек қой. Жауапты мекемелер мұндайға дайындалмаған», — деді көлік жүргізушісі Азамат Сақтағанов.

Қоғамдық көліктер уақытында келмей таңмен жұмыстарына жете алмаған ақтөбеліктер де көп. Автобустар уақытылы шыққанымен көктайғақтан қозғалыстары қиындаған. Республикалық, облыстық маңызы бар тасжолдардың таңертең жабылуынан қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылған еді. Қазір қала іргесіндегі елді мекендерге автобустар қайтадан қатынап жатыр.

«Автобустар бүгін жолға шықпай жатыр. Себебі, жолдар тазартылмаған. Қала сыртына шығатын бағыттардағы автобустардың қозғалысын шектедік. Тәртіп сақшылары да жібермеді. Туындаған қиыншылықтар туралы жолаушыларға әлеуметтік парақшамыз арқылы ескертулер жасадық. Кей автобустар жолдан шығып кетіп, қазір тұрған жерлерінде жөнделіп жатыр», — деді «Автопарк» ЖШС ресми өкілі Руслан Жылқаманов.

Ақтөбе қаласында жол ұзындығы 621 шақырым. Қазір шаһар жолдарына 12 арнайы техника инертті материалдар сеуіп жатыр. Жауапты мамандардың сөзінше, көшені сыпыру жұмыстарына да арнайы көліктер қосылады. Жұмыс таңғы 4-те басталған.

«Құм мен тұз араласқан қоспалар алдымен көпірлерге, көше қиылыстары мен қисық жол өткелдеріне себілген. Бірте-бірте барлық жолға шашылуы керек. Инертті материалдар себу жұмыстарын таңғы сағат 4-те бастадық. Селолық округтерге баратын жолдар да бақылауымызда», — деді Ақтөбе қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали.

Көктайғақтан жаяу жүргіншілер де көп зардап шегіп жатыр. Мұзға құлап, майып болғандар аурухананы толтырған. Таңертеңнен Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының жарақат бөлімінің дәрігерлерінен көмек сұрап келгендер саны жүзден асқан. Науқастардың көптігінен қосымша екі бригада іске кірісіпті.

«Бізге жеткізілген науқастардың ешқайсысы қараусыз қалмайды. Барлығына көмек көрсетіледі. Стационарда орын жеткілікті. Жарақаттары әртүрлі. Жеңіл, орташа, ауыр жарақат алғандарды іріктеп, жағдайларына қарай ауруханаға жатқызамыз. Дегенмен, адам өте көп. Барлығы өздерін бірінші қарағанды қалайды. Түсіністік керек. Жарақат алғандар түннен түсе бастады. Таңертеңнен бері дамыл жоқ. Құлап, жарақаттанғандардың келуі бүгін де, ертең де тоқтамайды. Науқастар саны әлі артады», — дейді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.

Ауа райының күрт өзгеруінен өңірде халықаралық, республикалық, облыстық маңызы бар тас жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылды. Облыстық төтенше жағдай департаменті мамандарының хабарлауынша, қазір «Самара-Шымкент» тасжолының Батыс-Қазақстан облысымен шекарасынан Ақтөбе қаласына дейінгі 526-723 шақырымы, «Ақтөбе-Орск» тасжолының Ақтөбе қаласынан Ресей шекарасына дейінгі 39-135 шақырымы, «Ақтөбе-Орынбор» тасжолының Ақтөбе қаласынан – Ресей шекарасына дейінгі 2-99 шақырымы, «Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай» тасжолының Қарабұтау ауылынан Қостанай облысына дейінгі 0-234 шақыры жабылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.