Ақтөбелік оқушылар жарты жылда «сөйлейтін» қолғап жасап шығарды

0 5

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрдәулет Таумергенов пен Карен Долмағамбетов «сөйлейтін» қолғап ойлап тапты. Қазіргі кезде өнертапқыштар қолғапты патенттеуді ойластырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары химия, физика пәндерінде өз жобаларын іске асыру үшін жұмыс істейді. Нұрдәулет Таумергенов пен Карен Долмағамбетов өткен жылы «сөйлейтін» қолғап жасауды жөн көрді. Олар мүгедек жандардың алдында жиі кездесетін кедергілерді жойып, адамдармен сөйлесуіне, қызмет алу мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салды.

Қазіргі кезде «сөйлейтін» қолғаптың сөздік қорында 1 мыңнан астам сөз бар. «GloveSpeaker» қолғабы ұялы телефондағы арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейді. «Қолғап мылқау адамдардың көмекші құралы бола алады.

Телефондағы бағдарламаны қосып, кейін bluetooth арқылы он саусақтағы тетіктер сөйлейді. Біз алдымен күнделікті өмірде жиі қолданатын сөздерді бағдарламаға енгіздік. Негізі қолғаптағы қуат көзі ұзақ уақытқа жарамды. Қазіргі кезде тек ағылшын тілі ғана байланыс құралы болып отыр. Бағдарламаны жетілдіріп, адамдар өзіне қажетті тілдік байланысты таңдай алатын жағдай жасаймыз. Экранға сөз шығып, қолғап соны оқып береді»,- дейді өнертапқыш Нұрдәулет Таумергенов.

Мүгедектердің көмекші құралына сұраныс болса, өнертапқыштар су өткізбейтін, жылдың әр маусымына лайықты «сөйлейтін» қолғап жасап шығара алады. Әрі жаңа туындыны патенттеу қажет. «Сиқырлы қолғапқа сұраныс болады деп есептейміз. Алдағы уақытта қолғапты патенттеп, кейін есту қабілеті төмен, саңыраулар қоғамына барып, таныстырылым жасаймыз»,- деді Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жәнібек Жанқұлов.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.