Ақтөбе облысында шебер 3D көрпелер тігеді

0 1

Ақтөбе облысы Қобда ауданында талғамы биік тігінші шағын шеберханасын кеңейтіп, табысын арттырды. Ескі ғимаратты қайта жөндеп, қосымша жұмыс орындарын ашыпты. Ауыл кәсіпкеріне мемлекеттік бағдарламаның септігі тиіп, біраз жеңілдік алған. Бетіндегі оюы мың құбылып тұратын 3D көрпені күнде көре бермейсіз. Барқыт пен мақпалдан тігілген құрақ көрпелер көздің жауын алады. Әр бұйымның талғаммен істелгені көрініп тұр.

Кәсіпкер Разия Ғалиева 2013 жылы жеке кәсібін бастап, алдымен шағын шеберхана ашады. Еңбектенсе табысы молайатынын түсініп, ауылдағы ескі ғимаратты сатып алады.  Разия Ғалиева, кәсіпкер: — «Нәтижелі еңбекпен қамту» бағдарламасы бойынша 9 млн теңге жеңілдетілген несие алдық. Ол ақшаға осы ғимаратты толықтай жаңғырттық. Кәсібіміз кеңейгеннен кейін, қосымша жұмыс орындарын аштық. Қазір 6 тігінші бар. Олар

«Еңбекпен қамту орталығы» арқылы келді. Қазір жұмыстың қызған шағы. Көктемдегі мейрамдарға арнайы костюм тіктіретіндер көп. Одан бөлек ұзатылған қыздың жүгіне тапсырыс мол. Кәсіпкер қажетті матаны оңтүстік өңірден әкеледі. «Тапсырыс берушінің көңілінен шығатын сапалы бұйым жасауға тырысамыз», – дейді. Кәсіпкердің жеңілдетілген несие алуы үшін аудандық кәсіпкерлер палатасы көп көмек көрсеткен. Кепілдеме құжаттарын дайындап, ісінің оңға басуын бақылап отырған.

Жалпы, өткен жылы ауданда 76 адам кәсіпкерлік негіздері курсын оқыған. Сәлім Құстұртов, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімінің басшысы: — Қаржы бірлестіктерінің басты талабы – кепілдікке қоятын мүліктің болуы. Осы орайда кәсіпкерлер палатасы қаржы қорларына хат жолдап, жоба іске асуы үшін барынша қолдау көрсетеміз.

Жанаргүл Бибетова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: — Биылғы жылдың жоспарын 110 пайызға жеткізіп, артығымен орындаймыз деген ойымыз бар. 100 млн теңге инвестиция жұмсалып, 13 кәсіпкерлік нысаны ашылады. Олардың көбі мал шаруашылығы және қызмет көрсету саласында іске асатын жобалар. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау жұмыстары жалғасады. Биыл тағы 100 адам арнайы курс оқуға өтініш жазған.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.