Жетімдерді кім жебейді?

0 0

Қоғамның әлеуметтік аз қамтылған тобының жай-күйі қашанда билік назарында болуы тиіс. Осы орайда аймақ басшысы Асқар Мырзахметов Тараз қаласында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, ондағы қызмет алушылардың жағдайымен танысты. Тосын барған өңір басшысы мекемелердегі кемшіліктерді көзбен көріп, жауаптыларды сын тезіне алды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.

«Үміт» арнайы балалар үйінде болған Асқар Исабекұлы балалармен жүздесіп, көкейлеріндегі пікір-тілектерін тыңдады. Бүгінде бес жасқа дейінгі жетпіске жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан мекеменің кейбір қызметтері талапқа сай болмай шықты. Сондай-ақ, балалар үйінің асханасына бас сұққан облыс әкімі ондағы азық-түлік тағамдардарының жетіспеушілігін байқап, мекеме басшыларына сауал жолдады. «Жетім көрсең жебей жүр» дейтін қазақ даналығына құлақ аспаған мекеме басшылары мен тиісті қызметкерлері мардымсыз жауап беріп, мән-жайды түсіндіре алмай әбігерге түсті. Өңір басшысы олқылықтың орын алуына жол берген тұлғалардың жұмысын сынап, кемшіліктің қайталанбауын, тазалыққа да барынша ден қоюды қатаң ескертті.

Мұнан соң облыстық жасөспірімдер үйіне, №1 «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының және Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің жұмыс барысын барлаған А.Мырзахметов бірқатар жайттарға куә болды. Аймақ басшысының тосыннан келуін күтпеген мекеме қызметкерлерінің абдырап, әуре сарсаңға түсуі де көңілге қаяу түсірді. Атап айтар болсақ, 170 қызмет алушыға қызмет көрсетіп отырған №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында сырққаттанған қарттардың ем-домына арналған дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі көңілді күпті етті. Мұндағы қызмет алушылар өңір басшысынан инво-такси керектігін сұраса, Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тұрғындары монша салып беруін өтінді. Асқар Исабекұлы қызмет алушылардың тілек-өтінішін орындауға ықпал ететінің, оны алдағы уақытта бюджет қаралымына енгізуге тырысатының жеткізді.

Осылайша, ойда-жоқта әлеуметтік аз қамтылған, мемлекет қарауындағы балалар, қарттар және жасөспірімдер үйінің жұмысымен танысқан өңір басшысы қоғамның бұл тобы әр уақытта да мейірімге мұқтаж, оларға аялы алақан, қамқорлық қажет екенін тілге тиек етіп, бұл орайда көрсетілер қызметтің де мінсіз болуын қадап айтты. Жауапты басшылар мен саладағы қызметкерлер тек арнайы тексеріс кезінде ғана емес, үнемі талапқа сай еңбек етсе, игі еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.