Жамбыл облысындағы қарақшылыққа байланысты ІІД тұрғындарды сабырға шақырды

0 0
 

Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразалиев Қордай ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Кездесуде облыс прокуроры Н.Иманов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, аудандық Ішкі істер бөлімінің және прокуратура басшылары, аудан және ауыл ақсақалдары,  қоғамдық кеңес өкілдері болды.

Арман Оразалиевтің айтуынша, Қордайдағы қарақшыларды табуға облыстық Ішкі Істер Департаментінің тәжірибелі қызметкерлері жіберілген. Олар жергілікті полицейлермен бірлесіп, күндізгі және кешкі күзетті де атқаруда.

Аудан әкімі Болатбек Байтөле жергілікті полиция қызметін материалды-техникалық қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінгенін жеткізді. Ол ақшаға 18 видеофиксатор, 35 планшет, 19 компьютер және 35 термопринтер алынып, учаскелік инспекторлардың 19 қоғамдық көмекшісін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Облыстық Ішкі істер департаменті  бастығы тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Оның айтуынша, жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында. Қылмыскерлер міндетті түрде ұсталады және тиісті жазасын алады.

Еске сала кетейік, осы жылдың 20 шілдесінде шамамен кешкі сағат тоғыз жарымның кезінде Қордай ауылында қарақшылық шабуыл жасалды. 1950 жылы туған В.И.Бойконың үйіне бет перде киген екі адам басып кіріп, үй иесі мен әйелі Л.И.Милидиді ұрып-соғып, байлап, 100 мың теңге, 500 еуро және екі «Халық банкінің»  карточкасын қолды еткен. Алған ауыр жарақатының салдарынан В. Бойко 4 тамызда Бішкек қаласындағы «Меди ЛТД» жеке клиникасында көз жұмды.

Сонымен қатар, қылмыс болған түні шамамен сағат 03:30-да бет перде киген екі адам Уалиханов көшесінде тұратын Н.Н.Ничипуренконың үйінің терезесін бұзып, ішке енген.

Қылмыскерлер үй иесінің 100 мың теңгесін, алтын бұйымдары мен «Халық банкі» карточкасын алып кеткен.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

— Қордай ауылына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер департаментінен қосымша 70 қызметкер оның ішінде атты полицейлер, сондай-ақ, 15 автокөлік  және 10 қызметтік іздестіру иттері жолданылды. Олар күндіз-түні  патрульдік  жасаққа шығып күзетуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.