Премьер-Министр Б.Сағынтаев дарынды балаларға арналған ІТ-лицей интернатын аралады

0 0

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Тараз қаласында ашылған дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатын аралады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Бұл білім ошағы Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде іске қосылды. Лицей барлық заманауи құрылғылар және озық технологиялармен қамтылған.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында «Смарт Тараз» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба 5 негізгі бағытты қамтиды. Бірінші «Қауіпсіздік» саласы бойынша – өңірде бірыңғай диспетчерлік қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінге дейін 467 бейнебақылау камералары орнатылса,  жедел қызмет көрсету орталығы жаңғыртылғаннан кейін барлығы 602 камера орнату жоспарда бар. Ал транспорт және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыттары бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, енді қағазсыз ауруханалар қатары артып, мектептер 100 пайыз компьютерлендіріледі деп күтілуде. Қазір облыстағы 24 ауылдық кітапханаларда «цифрлы кабинеттер» болса, жыл соңында оның санын 57 ге жеткізу көзделіп отыр. 2019 жылы 250 ден астам тұрғыны бар елдімекендердің барлығы да осындай кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Ал әзірге 11 ауыл интернет желісіне қосылса, келер жылы 65 ауыл – аймақты қамту жоспарланған. Тағы бір жағымды жаңалық – «Тараз HUB» деп аталатын жаңа инновациялық ІТ орталық ашылып, 1 желтоқсан күні өз жұмысын бастамақшы. Бұл Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқалы отырған «СПК Тараз» және «Бенедикcимус» ЖШС-нің бірлескен жобасы. Мұнда ІТ мамандарын даярлаумен қатар, оқушылар мен мұғалімдердің қалауы бойынша робототехника, 3Д модельдеу және веб програмалау бойынша оқытады.

Премьер-Министр ІТ лицей интернатын аралап, ондағы сабақ үрдісін көріп шықты. Қазір мұнда конкурспен қабылданған 7-8 сынып оқушыларынан барлығы 120 бала білім алуда. Заманауи техникалармен жабдықталған оқу орнында 3 тілді меңгерген 25 ұстаз  жұмыс істесе, оның 4 еуі ІТ саласы бойынша дәріс береді. Жаратылыстану бағытындағы пәндердің барлығы дерлік ағылшын тілінде өткізіледі. Сондай-ақ, 32 орынға шақталған кішігірім жатақханасы мен асхана бар, қосымша үйірмелер де жұмыс істейді. Келешекте тағы қосымша ғимарат салу жоспарда бар көрінеді.

Бағдарлама аясында аймақта тағы үш жоба, яғни «ақылды балабақша», «ақылды мектеп» және «ақылды колледж» жобалары іске асырылып жатқанын айта кету керек. Облыстағы 508 мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен 51 колледж 100 пайыз автоматтандырылса, 119 мектеп цифрлы жүйеге көшірілген. Жыл соңына дейін қалған 320 мектепке де бұл жүйе толығымен енгізілмекші.

Айта кетейік, Премьер-Министр жұмыс сапары барысында бірнеше өндіріс орындары мен білім беру, денсаулық сақтау нысандарын аралайды деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.