Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының тариф мәселелері жөнінде кеңес өткізді

0 10

Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының тариф мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кеңес барысында тарифтерді белгілеудің айқындығы және электр және жылу энергиясына, сумен және газбен жабдықтау қызметтеріне, кәріз жүйесі, телефон байланысы және интернетке тарифтерді төмендетуге қатысты мәселелер көтерілді.

Б. Сағынтаев Президенттің түпкі тұтынушыларға тарифтерді төмендету жөніндегі міндеттерін орындау мақсатында Үкімет тиісті жұмыстарды бастағанын атап өтті: бұл — қысқа мерзімде іске асырылуы тиісті институционалдық, жүйелік өзгерістер және жедел шаралар.

Табиғи монополистер қаражаттарын мақсатты пайдалануды және монополияға қарсы қызметті күшейтуді мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша заңнамаға түзетулерді әзірлеу жұмыстары басталды. «Табиғи монополиялар туралы» жаңа заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына берілген. Жаңа заң жобасында тарифті барынша айқын етуге және халықты тариф қалыптастыру процесіне тартуға мүмкіндік беретін бірқатар институттарды құру қарастырылған.

Өз кезегінде, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың және коммуналдық кәсіпорындардың басшылары өз деңгейлерінде тарифтерді қалыптастыру процесінің айқындығын қамтамасыз етуі тиіс және энергетикалық қызметтер нарығында баға белгілеуді бақылауды күшейтіп, сондай-ақ тарифтерді төмендету бойынша барлық қажетті шараларды дереу қабылдауы қажет.

Қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің монополияға қарсы комитетінің төрағасы А. Майтиев баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған тапсырмалары аясында қазіргі уақытта Комитет бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, жалпы 4,4 млрд тг сомасына 10 монополисттің жылумен қамту қызметтерінің тарифтері төмендетілді. Соның ішінде, Жамбыл облысында екі монополистке жалпы 122 млн теңгеге тарифтер төмендетілді. Бұған қоса, елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сапасы мәселелері бойынша халықпен жұмыс жасауға қоғамдық қабылдаулар ашылды. Монополистердің іс-қимылдарына шағымдар түскен жағдайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жоспардан тыс тексерулер қолға алынады.

Кеңес барысында Жамбыл облысындағы коммуналдық кәсіпорындар басшыларының коммуналдық қызметтерге қойылған тарифтер туралы баяндамалары тыңдалды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаментінің басшысы Е. Дүйсембиев 2017–2018 жылдардағы жылу беру кезеңіндегі нақты сыртқы ауа температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу бойынша өткен жылыту маусымының қорытындысына сәйкес Жамбыл облысының тұтынушыларына сегіз табиғи монополия субъектілері бойынша 31,726 млн тг көлемінде ақшалай қаражат қайтарылғанын атап өтті.

«Тараз Су» ЖШС басшысы М. Смайылов Жамбыл облысының тұтынушыларына арналған сумен жабдықтау саласындағы тарифтер туралы сөз қозғады. Айта кету керек, кәсіпорын тарифтерді 20%-ға төмендетті, яғни осыған дейін орташа өткізу тарифі 81 тг шамасында болса, қазір 65 тг-ге жуық.

«Т. И. Батуров атындағы Жамбыл МАЭС» АҚ бас директоры В. Мележик электр энергиясын өткізудің белгіленген шекті тарифі 9,47 тг/кВтс құрайтынын айтты. Сондай-ақ, алдыңғы кезеңдерде тариф құрылымындағы шығындардың негізгі көрсеткіші 82-84% шегіндегі отын құрамдаушысы болып табылады. Оның айтуынша, ЖМАЭС өндіретін электр энергиясына арналған шекті тарифтің төмендеуі отынның негізгі түрін — тауарлық газдың құнын азайтқан кезде ғана мүмкін болады.

Өз кезегінде, «КазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл бөлімшесінің директоры С. Исмайылов газ «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистральдік құбыры арқылы жеткізілетінін айтты. Бүгінгі таңда 377 елді мекеннен 181 елді мекенге газ жүргізілген. Жеке және коммуналдық пәтерлерден 185 мыңнан астам абонент тауарлық газбен қамтамасыз етіледі, 319 өнеркәсіптік, 5 мың коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын қамтылған. Облыс бойынша газ бөлу құбырының жалпы ұзындығы — 4600 шақырым.

«Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің бас директоры А. Жорболов қызметтің негізгі түрі электр қуатын беру және тарату, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды пайдалануға беру екенін атап өтті. Желілердің тозуы проблемаларын шешудің бірден бір жолы — ӨЭК тарифіне инвестициялық құрамдауышты енгізу. 2011–2018 жылдары «ЖЭЖ» ЖШС бойынша инвестицияларының нақты көлемі 5,9 млрд теңгені құрады.

Премьер-Министр табиғи монополиялардың өңірлік субъектілерінің баяндамаларын тыңдағаннан кейін, өңірдің кәсіпкерлері тарапынан қосылу қызметтері бағасының жоғары болуына байланысты шағымдар түсетінін атап өтті.

Бизнес өкілдерінің ақпаратына сәйкес, 80 мыңға жуық үй жанынан өтетін газ құбырына қосыла алмай отыр, себебі оған қосылу құны — 200-250 мың теңге. Бизнесмендердің айтуынша, оның себебі нарық бағасынан бірнеше есе артық бағаны белгілеген жобалаушылардың кесірінен. Бұл қызметті қосатын басқа компаниялардың болмауы себебінен «үлестес» тәрізді компаниялар ұсынылатын қызметтің нақты құнын көрсетпейтін өз талаптарын қойып отыр.

Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев облыстық прокурорға, сонымен қатар салық инспекциясы мен ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің экономикалық тергеулер қызметіне бір апта ішінде үлестес, лицензиялары бар, тауарлық газды қосу қызметін көрсететін барлық компанияларды баға түзуі бойынша тексеруді тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министр ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасымен танысу мақсатында «Тараз Су» кәсіпорнына барды. Мұнда Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылуда — тәулігіне 100 мың текше метрге дейін су қабылдай алатын ғимараттың құрылысы басталды. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Бұдан өзге, кәсіпорын базасында Жамбыл облысын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай оператор құру жұмыстары жүргізілуде. Таразда ауыз судың канализациялық тарифі Қазақстандағы ең төменгі екенін айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.