Шу ауданында жалақыны арттыру мәселесі жан-жақты түсіндірілді

0 1

Шу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкеловтың қатысуымен елбасының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге бағытталған жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жиынға аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, Шу қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, жеке кәсіпкерлер қатысты.

Басқосуда Серғали Өмірзақұлы кездесудің басты мақсаты Жолдау аясындағы маңызды міндеттер туралы жан-жақты түсінік беру екендігін атап өтті. Ол өз сөзінде Жолдауда айтылған жалақыны көтеру, оның ішінде еңбек ұжымдарында тұрақты жұмыс жасайтын азаматтардың жалақысын көтеру мәселесіне кеңінен тоқталды.

Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын азаматтар үшін айтарлықтай проблема жоқ. Өйткені, олардың жалақысы сол мекеменің бюджетінен қаралады. Ал, жеке меншікті мекемелерде заң бойынша 8 сағаттық жұмыс белгіленген. Ал, одан асып кеткен жағдайда қосымша жалақы төлеу қарастырылған. Екіншіден, кез келген жеке меншікті жұмыс орындары өз еңбеккерлеріне ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі жалақыны төлеуі тиіс.

— Мониторинг бойынша облыстағы 1847 кәсіпорынның 207-і ғана ұжымдық шарт рәсімдеп, еңбек инспекциясына ақпарат берді. Ұжымдық шарт орындалмаған жағдайда жұмыс беруші жауапқа тартылады. Ол үшін әкімдер, басшылар ұжымдық шартты қайта жасап немесе өзгертіп қайта бекіту керек,-деп мәлімдеді Серғали Айдапкелов. 

Сонымен қатар, басқарма басшысы бүгінгі таңда шекті деңгейдегі өнімдер тарифінің төмендеуі есебінен жалақыны көтеріп, бағаны көтермей, тұрақты ұстау мәселесі қаралып жатқандығын жеткізді. Облыста 95 ірі кәсіпорын болса, онда 16940 адам еңбек етеді. Серғали Өмірзақұлы оны жергілікті атқарушы орган өкілдері анықтап, айлық мөлшерін есептеп, оны 1,5 есеге көбейтілген сомаға теңестіру қажеттігін айтып, оның бірнеше санаттарын түсіндірді. Өйткені, бұл БЖЗҚ мен МӘМС-ке өзіндік ықпалын тигізетіні анық.

Жиын соңында Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев көпшілікті бірлесіп қызмет ету арқылы Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін лайықты орындауға күш салуға шақырды

Leave A Reply

Your email address will not be published.