Облыс әкімі «Жамбыл — адалдық алаңы» жобасына қол қойды

0 2

Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың қатысуымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Оның негізгі миссиясы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа деген жалпы төзбеушілікті қалыптастыру, Жамбыл облысындағы мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру болып табылады.

Мемлекетіміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін пайдалану тапсырған. Осы міндетті орындау мақсатында Жамбыл облысында аталған тәжірибе қолданылмақ.

Жоба тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға, қоғамдық бақылауды жүргізуге, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі ведомстволық ұйымдарды оңтайландыру және жаңа еңбекақы жүйесін енгізу жұмыстарының жүргізілуі жөніндегі баяндамасы тыңдалды.

Атап кетейік, облыс актив жиынына үкіметтік емес ұйымдар, басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, департамент басшылары және медиа саласының өкілдері қатысты.

Жиын соңында облыс әкімі Жамбыл жерінде бюджетті тиімді пайдаланудың регламенті бекітілгендігін айтып, осының арқасында 10 млрд. теңге үнемделгенін жеткізді. Болашақта бұл жүйені өзге өңірлерде де қолдануға ұсыныс берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.