Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды

0
14

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, бекітілген құжаттардың арасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Бірлескен мәлімдемесі бар.

Бұдан бөлек, екі ел үкіметтері арасында еңбек қызметі және еңбек-мигранттары құқықтарын қорғау келісіміне, сондай-ақ заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Белгілі болғандай, Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрліктері арасында 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына, екі ел қорғаныс министрліктері арасында әуе шабуылына қарсы қорғану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Қорғаныс министрлігі арасында әскери аэродромдарда қабылдауды, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және әскери әуе кемелерін қорғауды ұйымдастыру туралы келісім бекітілді.

Мұнымен қоса, ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстанның Инвестиция және сыртқы сауда министрлігі арасында «Орталық Азия» Сауда Экономикалық Ынтымақтастық Халықаралық Орталығын құру мәселесі бойынша өзара қарым-қатынас жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Министрлер кабинеті жанындағы дін істері комитеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасына келді.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here