Маса шаққан жер асқынып кетпес үшін не істеу керек — маман кеңесі

0 6

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов маса шаққан жер асқынып кетпес үшін не істеу керектігін түсіндірді.

Оның атап өтуінше, жыл сайын елорданың Байқоңыр,  Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының әкімдіктері қаладағы тұрғын үй алаптары мен оның төңірегінда масаға қарсы улау жұмыстарын жүргізеді. Осы ретте маса улауға қолданылатын дәрі-дәрмектің адамдарда аллергия туғызбайтынын атап өткен жөн. Себебі, аталған дәрі-дәрмектер алын ала тіркеліп, сараптамадан өткізіледі.

«Адамды тек ұрғашы маса ғана жұмыртқа салу үшін шағатынын, ал еркек маса гүлдердің шірнесімен қоректенетінін білу маңызды. Ұрғашы маса шаққан кезде қанның ұюына кедергі келтіретін заты бар сілекейін, басқаша айтқанда адам ағзасы үшін бөгде ағуызды тері астына енгізеді. Дәл осы сілекей маса шаққан жерді қышытып, ол ісінеді, қызарады, кейде ауыр аллергиялық реакция туғызады», — деді ол.

Осыған орай Сәдуақас Байғабылов  маса шаққаннан пайда болатын аллергияның өршуіне жол бермеу үшін бірқатар кеңес береді.

«Балалар маса шаққан жерді кір қолымен жиі қаситынын ескерген жөн. Сондықтан балалардың қолдарын жиі жууын қадағалау қажет. Серуенге шығар алдында терісінің ашық жері қалмайтындай етіп киіндірген жөн. Масаны үркітетін жақпамай пайдаланған дұрыс. Масаны үркітетін жақпамайды баланың жасын ескере отырып таңдап, нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек. Оны терінің жарақат алған жеріне жағуға болмайды. Масаны үркітетін жақпамайды дәріханадан алу қажет. Мүмкіндігінше дененің басым бөлігін жауып тұратын ашық түсті киім киген дұрыс», — деді департамент басшысы.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.