Мемлекет басшысы Арыстағы жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың отырысын өткізді

0 0

Мемлекет басшысы Арыстағы жағдайға байланысты құрылған жедел штабтың отырысын өткізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі. 

Қазақстан Президенті Арыс қаласындағы жағдаймен танысу үшін Түркістан облысына келді. Мемлекет басшысы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстардың зардаптарын қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.

Түркістан облысы басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқиға орнындағы жағдай мен атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы ең алдымен қайтыс болған азаматтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

Президент баспанасыз қалған азаматтарды жедел орналастыруды қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдап, зардап шеккендерге қажетті жан-жақты көмек, соның ішінде медициналық жәрдем көрсетуді тапсырды.
Мемлекет басшысы мемлекеттік материалдық қордың есебінен қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен материалдық құндылықтарды беруге пәрмен берді.

Үкімет пен облыс әкімдігіне қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп шығаруды және тұрғын үйлерді, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін Үкіметтің қорынан қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары барысында ведомствоаралық өзара жүйелі іс-қимылды ұйымдастыруды, сондай-ақ, жарылыстардың себептерін мұқият зерттеуді талап етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.