Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Арысқа бір топ азаматтар келіп жеткен

0 0

Арыс қаласында төтенше жағдайлар орын алған күннің ертесіне-ақ өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен Жамбыл облысынан бір топ азаматтар оқиға орын алған аумаққа келіп жеткен болатын, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақ жол ауылындағы штабта қызу жұмыс басталып, облысқа тиесілі 3- сектор бойынша түгендеу шаралары бірден қолға алынған. Жалпы, 3-секторда 327 жеке тұрғын үй, 13 коммерциялық бағыттағы нысан бар.

Бүгінде қаладағы шипажай аумағында Жамбыл облысының штабы орналасқан. Онда керекті құрал-саймандар, палаткалар қамтылған. 200 адам құрылысқа сақадай-сай.
Одан бөлек бүгін таңғы сағат 8:00-ден бастап қалаға оралып жатқан арыстықтарды қабылдауға 100 адам бөлінді. Олар өзімізге қарасты 9 көше бойынша арнайы топтарға топтасып, тұрғындарды қабылдап, жайғастырумен, үйлеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысуда.

Бөлінген топтардың құрамында жергілікті полиция, прокуратура органдарының қызметкерлері, саперлар және өзге де мамандар бар. Жергілікті жердегі ақсақалдар да түсіндіру жұмыстарына жұмылдырылуда.

Сондай-ақ, дәл қазіргі уақытта бөлінісіміздегі аумақта зерттеп-зерделеу шаралары атқарылып, қажеттіліктер анықталуда. Нақты қажеттіліктердің көлемі анықталған соң, жобалық сметалық құжаттар жасалып, тиесілі қаражат бөлініп, қалпына келтіру үшін құрылыс жұмыстары бірден басталмақ. 

Жамбыл облысына тиесілі 3-сектор жарылыс ошағына өте таяу орналасқандықтан, мұндағы тұрғын үйлер мен нысандардың басым бөлігінде ақаулардың бары анықталған. Екі жеке тұрғын үй мүлде жарамсыз жағдайда. Алайда, тиісті есептеулер жүргізілгеннен соң, барлығы толығымен қалыпқа келтіріледі. 

Айта кетейік, жапа шеккен арыстықтарға қолдау көрсету мақсатында барша жамбылдықтардың атсалысуымен бүгінге дейін 75 тонна азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізілді. Өңірдегі «Нұр Отан» партиясының облыстық және аудандық филиалдарында қабылдау пунктері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта жиналған заттар тағы да жіберілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.