Жамбыл облысында екі көтерме- тарату орталығы салынады

0 5

Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мен төмендету үшін екі бірдей көтерме-тарату орталығы салынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі көтерме-тарату орталықтарының жобасымен танысу мақсатында белгіленген аумақтарға арнайы барды. Өңір басшысы алдымен Байзақ ауданындағы Үш бұлақ бекеті маңындағы «База-Servis» ЖШС-іне ат басын бұрды.

Серіктестіктің бас директоры Сейдахмет Қалтаев көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасының жұмысы туралы айтып өтті. Сыйымдылығы 10 мың тонна болатын қойма 2016 жылы іске қосылған. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Нысан Қытай, Белоруссия елдерінен жеткізілген жоғары технолгиялармен жабдықталған 16 қоймадан тұрады.

Асқар Исабекұлы аталмыш қойма маңынан жоспарланған көтерме-тарату орталығын салу жұмыстарын тездету керектігін, оны қараша айына дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан соң, аймақ басшысы «Ауыл береке» базарының аумағындағы дәл сондай орталықтың жобасымен танысты. Мұнда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Әр кезеңде сыйымдылығы төрт мың тоннадан асатын сақтау қоймалары және сауда алаңы мен темір жол тұйығы салынатын болады. Олардың жалпы көлемі 2 мың шаршы метрден асады. Бүгінде құрылысы жүріп жатқан орталықтың бірінші кезеңі ағымдағы жылы аяқталуы тиіс болса, қалған кезеңдері келер жылға тиесілі. Өңір басшысы алғашқы кезең бойынша көкөніс сақтау қоймасының құрылыс жұмыстарын үш ай ішінде аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, бұл көтерме-тарату орталықтарын салудағы негізгі мақсат – қайта сатып алушыларды қысқарту мен тамақ өнімдерін сақтау, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету.

Мамандар мұндай орталықтардың құрылуы өркениетті сауда үшін қосымша жағдайлар жасайтынын, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынының бағасын төмендету үшін нарықтағы бәсекелестікті арттыратынын айтады.

Демек, бұл қоймалар алдағы уақытта өңірдегі әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақтандыру мен төмендетуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, облыс әкімі аталған аумақтағы «Жастар сауықтыру орталығы» жобасы орналасатын аумақпен танысып, жоспарлы жұмыстардың жай-жапсарына қанықты. «Ауыл береке» базарына бас сұққан Асқар Исабекұлы жеміс пен көкөністің сатылым барысы мен бағаларын барлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.