«Jumeken85» эстафетасын тараздық оқушылар жалғады

0 2

Тараздағы Бауыржан Момышұлы гимназиясы оқушылары «Jumeken85» өлең оқу эстафетасына қатысты. Өз кезегінде олар поэзия челленджын Өскемендегі Зәки Ахметов мектебі оқушыларына жолдады.

Көрнекті ақын, Қазақстан әнұраны авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің 85 жылдығына орай «Jumeken85» өлең эстафетасы елімізде бір ай бұрын басталған болатын. Жыр сәлемдемесін өткізу — «ATYRAÝ» телеарнасының бастамасы. Басты мақсат — тұңғиық жырдың тұнығы атанған мерейгер ақынның шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Атырауда басталған жыр шашуды Қазақстанның әр қиырындағы мектеп оқушылары іліп әкетіп, ары қарай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орны басшылары мен зиялы қауым да жалғады. Әлеуметтік желіде қызу қолдау тапқан мәдени-көпшілік іс-шараға қатысқандар арасында өнер зерттеушісі Илья Жақанов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Светқали Нұржан, жазушы-журналист Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да бар.

Жалпыхалықтық сипат алған эстафетаның қорытындысы ретінде Атырау облысындағы барлық мектеп оқушылары Жұмекен ақынның жырларын 25-ші мамырда және 4-ші маусымда соңғы қоңырауда оқиды.

«Волонтер жылы аясында бұл іс-шараны оқушылар ерікті түрде өткізеді. Облыстық білім басқармасы мектептерге өлең оқуды ұсыныс ретінде берді. Оқушылар мен ата-ананы қолдауға шақырамыз», — дейді идея авторы, белгілі тележурналист, «ATYRAÝ» телеарнасының директоры Әуесбайдың Қанаты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.