Жамбыл облысындағы тұрғындардың 30,7 пайызы бұқаралық спортпен айналысады

0 6

Жамбыл облысындағы тұрғындардың 30,7 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Балалардың салауатты өмір салтын ұстануынада қолайлы жағдай жасау керек. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен аппараттық кеңесте талқыланды, — деп жазады «Zhambylnews» АА.

— Бүгінде облыс халқының 30,7 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткішті жыл сайын арттыру қажет. Спорт нысандары қол жетімді болуы керек. Облыс орталығы мен аудандардағы жұмыс сапарларымның кезінде кейбір спорт нысандарында балалардың доптармен, қақпа торларымен қамтамасыз етілмейтіндігін көрдім. Балаларға барлық қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

Балаларды спортқа тарту қылмыспен күреске өз септігін тигізеді. Спортпен жүйелі түрде айналысатын жасөспірімдер барлық жаман әдеттерден, темекі шегуден, алкогольден немесе есірткіден аулақ болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ селекторлық кеңесте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» жастар саясатын дамытудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама аясында жұмыссыздықты және NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуды, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуді, бос уақытты тиімді ұйымдастыруды және мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдауға ие болатын жастар санын арттыру жоспарлануда.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев жас мамандарды даярлауға айрықша назар аударуды тапсырды.

— Біз жас мамандардың кадрлық резервін құруымыз керек. Мемлекеттік органдарда кадр тапшылығы байқалады. Басшылық лауазымдарға сол бір тұлғалар қайталанып тағайындала береді. Бұл жүйені жою керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саналы жастар Отанымыздың игілігі үшін тер төгуі тиістігін және оларды қолдау керектігін баса айтқан болатын, — деді облыс әкімі.

Сөз соңында аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне карантин режимін қатаң бақылауды тапсырды. Ол тұрғындарды өздерін және жақындарын қорғау үшін жеке гигиена ережелерін сақтауға шақырды.

— Аудандар мен Тараз қаласындағы жұмыс сапарымның барысында мен көптеген жамбылдықтардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескермейтіндіктерін байқадым. Тұрғындар кафеге, мейрамханаға, дүкенге және басқа да адамдар көп жиналатын орындарда бетпердесіз жүр. Антисептиктерді қолданбайды және тиісті ара қашықтықты сақтамайды. Біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз өзімізге байланысты. Осыны есте сақтау керекпіз! Карантиндік шараларды толығымен алып тастау коронавирустық инфекцияның таралуына қатысты жүзеге асады. Сондықтан мен барша жамбылдықтарды сабырлы болуға және санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын, — деп түйіндеді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.