Тарихтан тағылым, өткенге тағзым

0 48

31 мамыр — ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.

Атаулы күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді.

Бұл дата Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Өйткені жазықсыз жапа шеккен абзал азаматтарды еске алатын, өшпес рухтарына тағзым ететін күн. Келмеске кеткен кеңестік дәуірдің «Халық жауларын» анықтау бойынша жүргізген қатаң саясатының салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті.

«Аргументы и факты» газетінің 1989 жылғы 5-нөміріндегі «Трагическая статистика» атты мақалада қуғын-сүргінге қатысты мынадай қасіретті жолдар жазылыпты: «1937-1938 жылдары КСРО-да 7-8 миллиондай адам қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

1937-1938 жылдары тұтқындалғандардың 1 миллиондайы ату жазасына кесілді, қалғандары лагерге жіберілді. Бұл адамдардың ақталу бақытына тірі жеткендері аз». Міне осы цифрлардан-ақ қуғын-сүргін зобалаңының қандай дәрежеде жүргенін айқын аңғаруға болады емес пе?

Ал, әзірше айтылып жүрген деректерге сүйенсек Қазақстанда 103 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған екен, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесіліпті. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.

Тіптен жаппай жазықсыз жазалаудың өріс алғаны сонша, қарапайым еңбек адамдары да қуғын-сүргінге ұшырап атылыпты. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға өрескел ықпал жасады.

Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды осылайша саяси қуғын-сүргіннен іздеді.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды.

Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Ф.Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды.

Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды.

КСРО-да жүргізілген қуғын-сүргін науқаны Сарысу ауданын да айналып өтпеді. Халық үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, тар жол, тайғақ кешудің небір қиын соқпақтарынан өткен азаматтарымыздың көбі, ұлтымыздың қаймақтары қанқақсап қылыштың құрбаны болып кетті. Отыз екі, отыз үшінші жылғы шұбырыншылықта ереуіл атқа ер салып, атүстінен түспей, сонау Арқа, Шу бойынан шұбырып, қынадай қырылған халықты қайтіп аман алып қалсақ деп шырылдаған Ораз Жандосов пен Жанайдар Садуақасовтар тағдырлары не болды?!

Елім деген екі ер де жазықсыз оққа ұшты. Ату жазасына кесілді. Сонау Арқадағы Сарысу өзені бойынан тағдыр толқынымен ауа келген жұрттың рухани жадын сақтау үшін аудан атының «Сарысу» болып қалуына күш салған да осы бір туар азамат Ораз Жандосов болатын. Аудан халқы атпал азаматтың ерлікке пара-пар еңбегін ұмытқан жоқ. Ер есімін ел есінде сақтап, өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі етті.

Саудакент ауылының орталық алаңына ескерткіш бюсті орнатылды.
Ауданымызда сталиндік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналған ер-азаматтарымыз аз болмапты. Өкінішіті өртеген құйтұрқы саясаттың салқынын ауданымыздың әрбір округіндегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтадағы қаралы тізімнен айқын аңғаруға болады.

Бүгінде егемендік алып, өркениетті елдермен терезесі тең ел болдық. Өшкеніміз жанды. Ұлттық құндылықтарымыз қайтып оралды. Жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіліп, ескерткіш тақталарға гүл шоқтары қойылады. Рухтарына тағзым жасалады.

Тарихқа тағылым, өткенге тағзым етілген ізгілікті істер әрқашанда жалғасын таба бермек.

Лаззат Кожаханова — Сарысу ауданы, архив директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.