Жамбыл облысында диқандар мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануда

0 0

Жамбыл облысында диқандар мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануда. Нәтижесінде қамтасын дәнге толтырып, көл-көсір пайда тауып отырғандардың бірі-жуалылық шаруалар. Аудандағы диқандардың жұмысымен облыс әкімі арнайы барып танысты, — деп жазады «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Жуалы ауданында орналасқан «Бәйтерек» шаруа қожалығы орамжапырақ өсіріп жатыр. Көктемде еккен өнім енді бір айдан соң сатылымға шығарылмақшы:
– Қазіргі таңда шаруашылық құрамында 7 отбасы еңбек етеді. Басты егетініміз «Пекиндік» және жергілікті орамжапырақ түрлері. Ол көкөніс түрі 11 гектар аумақты алып жатыр. Оған сұраныс та жоқ емес. Жыл сайын көршілес Түркістан облысы мен өзіміздің аймақты қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар 10 гектар жерге қосымша картоп пен сәбіз де егеміз. Су жағынан ешқандай мәселе жоқ, – дейді шаруа Бақтияр Қалыбеков.
Қожалықтың егіс даласымен толықтай танысып шыққан Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан берілетін субсидия мәселесін сұрады. Аймақ басшысының сауалына Нарбай Ергебеков жауап беріп, диқандар тыңайтқыш пен жанар-жағармайды субсидия арқылы еш қиындықсыз алатынын жеткізді.


Ал Түктібай ауылында орналасқан «Злиха» шаруа қожалығы картоп өсірумен айналысады. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев биыл 70 гектарға картоп, 100 гектарға арпа, 147 гектарға көп жылдық шөп егетіндіктерін жеткізді. Бүгінде картопқа органикалық тыңайтқыштар қолданылып жатыр. Облыс әкімі қожалықтың бұл әдісін жоғары бағалап, өзге шаруаларға да үлгі ету қажеттігіне тоқталды.

Нәсібін кәсібінен тауып, тынбай еңбек етіп жүрген шаруаның бірі Қызыларық ауылындағы «Қуана-Бер» шаруа қожалығының басшысы Жарқын Қалтаев. Биыл алғаш рет 11 гектар жерге сарымсақ егіпті. Оның айтуынша, сарымсақ арқылы мол пайда табуға болады, болашақта өнімінен ұнтақ жасауды жоспарлап отыр.

Өңір басшысы аудандағы жұмыс сапарын Ақтөбе ауылындағы «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінде қорытындылады. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобасы арқылы жұмысын жандандырып отырған кооператив 1045 гектар арпа, 328 гектар көп жылдық шөп, 50 гектар сүрлемдік жүгері егіпті. Бірлестік басшысы Зайырбек Сұлтанмұратовтың сөзінше, пилоттық жоба 93,8 миллион теңгеге алынған техникалар арқылы аталған жерді оңай игеріп отырған көрінеді. Сонымен қатар жоба аясында үй іргесіндегі жерлер де тиімді игеріліп, мал басы мыңдап артыпты. Дегенмен облыс әкімі кооперативке үлкен сенім артылып отырғанын баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.