Ауыл әйелдерінің зейнеткерлік жасын төмендету ұсынылды

0 3

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Парламент депутаттығына үміткерлер Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында өңір тұрғындарымен кездесті, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Кездесуде шалғай ауыл тұрғындары Мәжілістің болашақ құрамына ауыл әйелдері үшін зейнетақы жасын ең болмағанда бұрынғы деңгейіне, яғни 58 жасқа дейін төмендету туралы өтінішпен жүгінді.

Тұрғындармен кездесу барысында зейнетке шығу жасы қызу талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасы жарты жыл сайын ұлғаюда. Бұл қала және ауыл тұрғындарына ортақ ереже. Бірақ, іс жүзінде олар мүлдем басқа жағдайларда өмір сүреді. Сондай-ақ, зейнеткерлік жасқа жеткенде адамдардың денсаулығы әртүрлі болатынын да ескеру керек.

Ауыл тұрғындарының пікірінше, денсаулығына шағымданбайтын және жеңіл еңбек саласында жұмыс істейтін адамдар үшін, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін төлей отырып, 58 жастан кейін қызметін жалғастыру мүмкіндігін қарастыру керек.
Айта кету керек, «Ауыл» партиясының жаңа сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі «әлеуметтік» салаға қатысты.

«Еліміздегі демографиялық жағдайға үлкен әсер ететін ауыл болғандықтан, партия әділетті Әлеуметтік кодекс әзірлеуді ұсынады. «Ауыл» партиясы дені сау, рухы мықты ұлтты және отбасы мен ананың рөлін арттыруды қолдайды, сондықтан «көп балалы ана» мәртебесін алу үшін шекті деңгейді 3 балаға дейін төмендетуге, көп балалы аналар үшін зейнеткерлік жасты 53-ке дейін төмендетуге, «Бала нәсібі» кепілдендірілген балалар капиталын 18 жасқа дейін төлеуге, жас отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін пайызсыз несие беруге, ал ауылдық жерлерге көшетіндерге – үй шаруашылығын жүргізуге және бизнес ашуға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр», — деп атап өтті партия кандидаты Рабиға Тоқсейітова ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Сондай-ақ, Рабиға Тоқсейітова ауыл – бұл елдің алтын бесігі, тектіліктің тамыры, құндылықтың қазығы екенін, сондықтан бүгінде «мемлекет тағдыры» анықталатын маңызды орган, яғни Парламентте фермерлер мен ауыл тұрғындарының дауыстарын жеткізетін, естіртетін уақыт келді деп атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.