Antikorlive: ведомство мен қоғам арасындағы сенімді диалог алаңы

0 0

Коронавируспен күреске байланысты орын алған жағдайлар байланыс процесін электронды форматқа ауыстырды. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуды күшейту және халықпен кедергісіз байланыс құру туралы тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) «ANTIKORLIVE» жобасын іске асыруда.

Жоба парасаттылық саясатын насихаттауға және әлеуметтік желілер мен басқа да ақпараттық интернет-ресурстар арқылы халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Осы уақытқа дейін жоба аясында Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі күнделікті халықпен тікелей байланысқа шығуда.

— Тек мамыр айында 534 спикер «ANTIKORLIVE» жобасының тікелей эфиріне қатысты. Қатысушылар арасында «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұқаш Ескендіров, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Мираш Бегілдаева, Жамбыл облысы әйелдер күштері альянсының төрағасы Амина Кайназарова, «ҚазАвтожол», «Казахавтодор» ЖШС аймақтық филиалдарының басшылығы, қоғам өкілдері, мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары, оның ішінде облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек және аудан әкімдері, -деп атап өтті Департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.

Шынында да, қазір көптеген отандастарымыз әлеуметтік желілерде белсенді. Бізде жиі сенімді, заманауи ақпарат жетіспейді. «ANTIKORLIVE» жобасының арқасында облыс тұрғындары барлық сұрақтарына эфирден жауап ала алады, сонымен қатар алғашқы ақпаратты біле алады. Мәселен, жақында «Антикор орталығы» алаңында Жамбыл облысында ақылы жолдарды енгізуге қатысты өзекті мәселе көтеріліп, онда уәкілетті ұйымдардың өкілдері осындай жаңашылдықтың себебі туралы айтты.

Адал еңбек пен көшбасшылық тақырыптарына арналған тікелей эфирлерде, еліміздің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы айрықша жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі «Қазақстанның еңбек ері» атағының иегері Мұқаш Зұлқарнайұлы мен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Мираш Саданқызы өмір мен мансап жолын адалдық пен парасаттылық қағидаттарына сүйене отырып, құру қажеттілігі туралы әңгімеледі. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада жүлдегері, ал қазір облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Ақжүрек Таңатаров спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы айтты.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Кәрібек Дәулет Жамаубайұлымен жас көшбасшылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформасы туралы тікелей эфирде әңгіме өрбіді. Азаматтар Facebook әлеуметтік желісі арқылы байланысып, облыс әкімінің орынбасарына өз сұрақтарын қоюға мүмкіндігі болды. Спикердің пікірінше, сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік зұлымды жеңу үшін іс-әрекеттің ашықтығын қамтамасыз ету қажет.

«Жалпы, сыбайлас жемқорлықты жою оңай мәселе емес, сондықтан 2021-2025 жылдарға арналған стратегия қабылданды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді қолдау шаралары қарастырылуда. Ең бастысы — басшылардың тікелей жауапкершілігі, яғни егер өзінің қарамағындағы азамат парамен ұсталып, фактілер дәлелденсе, онда басшы өзі қызметінен кету туралы өтініш жазуы керек», — дейді Жамбыл облысының әкімнің орынбасары Дәулет Кәрібек.

«Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үнемі жүргізіліп келеді. ANTIKORLIVE жобасы үлкен үлес қосты. Оның арқасында салалық ведомствомен қоғам арасындағы өзекті мәселелер бойынша сенімді диалог форматы құрылды », — деп атап өтті жоба спикерлері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.