ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Кешенді аттестаттау – мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытудың кепілі

Кешенді аттестаттау – мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамытудың кепілі

Заманауи және кәсіби мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару құрылымы қашанда мемлекеттік билік саласының маңызды бөлігі болып табылады.

 Бүгінгі күні, қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің негізі болмақ.

Бес институционалдық реформаны іске асыру үшін, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданып, оның ішіндегі, алғашқы 15 қадамды қамтыған бірінші реформаны кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналды.

Атап айтқанда, дәл осы 15-ші қадам іс басындағы мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттаудан өткізуге арналып отыр. 

2017 жылдың қаңтарында еліміздің барлық аумағындағыдай Жамбыл облысында да «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттаудан өткізу жұмыстары басталады.

Кешенді сынақ мемлекеттік қызметшілердің категориясына байланысты бөлек кезең-кезеңімен өткізіліп, 2017 жылдың 1 шілдесінде аяқталады.

Мемлекеттік қызметшілер Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын жүзеге асыратын бірегей азаматтар екендігін ескерсек, барлық реформалардың сәтті іске асырылуы олардың сапалы әрі тиімді жұмысына тікелей байланысты.

Осы орайда, аттестаттаудың мақсаты - жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, біліктілігін және тұлғалық қасиеттерін анықтау болып табылады.

            Бұл жүйе «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында  мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін объективті түрде бағалауға және ұтымды пайдалануға септігін тигізетін болады.

Өңірдегі 457 мемлекеттік органда, барлығы 4818 қызметкер жұмыс атқарады. Олардың 3972-і аттестаттаудан өткізуге жатқызылады.  Оның ішінде, 351 жергілікті атқарушы органдардағы 2632 қызметкердің 1763-і, 106 орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі 2208 қызметкердің 1770-ы аттестаттаудан өтетін болады.

Кешенді аттестаттау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – аттестатталатын әрбір қызметкердің бағалау парағын жасау.

Екінші кезең – «Бірыңғай құзыреттіліктер шегі» бойынша «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін тестілеуден өткізу. Бұл құзыреттілікті бағалау және мемлекеттік қызметтің құндылықтарын сақтау деңгейін анықтауға арналған компьютерлік сынақ бағдарламалары. Аталмыш кезең өткен жылдардағы аттестаттаудан ерекше болып отыр. Яғни, аттестаттау барысында заңнаманы білуге арналған тестілеу қамтылмайды.

Үшінші кезең – аттестациялық комиссиядан әңгімелесуден өткізу. Әңгімелесу – санаты бойынша атқаратын лауазымына байланысты үш түрлі деңгейде өткізіледі. Алғашқы деңгейде, Президент Әкімшілігі жанындағы жоғарғы аттестациялық комиссиядан орталық мемлекеттік органдардың облыстағы аумақтық бөлімшелерінің және олардың ведомстволарының басшылары, облыстық басқарма басшылары, сонымен бірге осы санаттағы «Б» корпусының өзге де қызметкерлері өтеді.

Екінші деңгейде, министрліктер мен облыстық әкімдіктердегі аттестациялық комиссиялардан сәйкесінше сол саладағы мекеме қызметкерлері өтеді.

Үшінші деңгейде – аудандардағы аттестациялық комиссиялар. Бұл деңгейде аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер бағаланатын болады.

Үш деңгейлі жүйенің ерекшелігі, жоғары деңгейдегі аттестаттаудан өткен тұлғалар, төменгі деңгейдегі аттестациялық комиссияның құрамына енгізіледі. Бұл – процестің бейтараптылығы мен әңгімелесуді бірыңғай жүйеде өткізуге мүмкіндік береді.

Аттестаттау қорытындысы азаматты қызметіне тағайындауға, қызметінде жоғарылауға немесе төмендеуге және атқаратын лауазымынан босатуға негіз болып табылады.

Аттестаттаудың нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігін дамыту арқылы, олардың даму жоспарын құруға негіз болады деп есептейміз. Сонымен бірге, аттестаттау нәтижелілігі төмен азаматтар өздерінің қабілеттері мен құзіреттіліктерінің әлсіз тұстарын арттыруға мүмкіндік алады. Осылайша, олар анықталған кемшіліктерін түзетіп, кәсіби біліктілігін  арттырып, қызметтінде жоғарылауға үміттенуге болады.

Тұрақты түрде бақылау жасау және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құруға оң септігін тигізеді.

 

 

М.Ы.Нәлібаев

ҚР мемлекеттік қызмет істері

және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы

бойынша Департаментінің басшысы

Пікір: 0
Пікір қосу