ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Қазақтардың Меккеде қонақ үй салдырғанын білесіз бе?

Қазақтардың Меккеде қонақ үй салдырғанын білесіз бе?

 

 

Сонау ХІХ ғасырда Тобықтының атақты биі Құнанбай Меккеге барған сапарында қасындағы дәулетті серіктерімен бірге мұсылмандардың қасиетті мекенінен жер алып, Меккеге қажылыққа келген қазақтарға арнап үй(такие) соққызғаны, көп жыл онда барған тумаларымыз тегін жатып жүргені жайлы мерзімді баспасөзде арагідік жазылып жүр.

 

Соңғы кезде Әулиеатадан Қағбаға барған  Батырбек пен Қасымбек датқалар да үй салғызғаны жайлы деректер айтылуда. Бұл туралы осыдан бірнеше жыл бұрын Жуалы ауданының бас имамы Сейтқазы Медетбекұлы Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне мақала жазды. Ол кісінің сөзіне қарағанда жоғарыда аты аталған қос датқа орталарынан қаржы шығарып, қонақ үй тұрғызған. Ол туралы тасқа басылған бұлтартпас дәлелді алға тартқан.

Ондай дәйек – бұл күнде бақилық болып кеткен шымкенттік ғалым-филолог Рахметолла Мұқатайұлы көзі тірісінде Ташкенттегі мұрағатты ақтарғанда табылған. Сол деректерге сүйенген Р.Мұқатайұлы: «Қазақтардың Меккедегі қонақ үйі» деген кітапша шығарған. Одан әрі қарай мақала авторы сол еңбектен: «1874 жылы Ұлы жүзден – Батырбек, Қасымбек датқалар, Орта жүзден – Құнанбай және Андамас мырза, Кіші жүзден – Мырқы,Нұрпейіс байлар Меккеге қажылыққа барғанда осында келген  қазақтардың үйсіз-күйсіз, панасыз жүргендерін көріп, қынжылады. Өзара пәтуаласып, қаржы шығарысып, Мекке шаһарының хакімінен қонақ үй тұрғызатын жердің рұқсатын алып, құрылысшылар жалдап, екі жылдың ішінде әрқайсысы 45 кісілік үш қонақ үй соғады. Міне, бүкіл қазақ халқы сыйлайтын, пір тұтатын кісілердің халқына жасаған қамқорлығы. Бұл кісілердің есімдері қазақ тарихында мәңгілік сақталады» – деген үзінді келтірген.

Содан бері бір жарым ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақ халқы не бір тауқыметті бастан өткерді. Қызылдардың қанды қыспағына тап болған жоғарыда аты аталған кісілердің ұрпақтары шыбын жандарын аман алып қалу үшін сандықта сақталған араб қарпімен жазылған барлық кітап пен құжаттарды өртеп, болмаса  жерді қазып, көміп тастайды. Солардың арасында Меккеде соқтырған қонақ үйлердің иелік қағаздары да кетті. Қуғын-сүргін көргендер тарыдай шашылып, жан-жаққа табанынан тозып кетті. Олардың біразы ашаршылықта қаза тапты. Бас-аяғы он-он бес жылда көне жәдігерлерді өз қолымен жерге көмгендер түгел жарық дүниемен қоштасты.

Қазір Меккедегі қасиетті Қағбадан бабаларымыз соқтырған қонақ үйлердің өзі түгілі ізі де жоқ. Ол үйлер әлдеқашан бұзылып,орнына жаңа ғимараттар салынып кетті. Қолда айғақ боларлық мөр басылған қағаз болмағандықтан әлгі әңгіме сөз жүзінде қалды.

Осы орайда, "Егер әлгі үш үй Сауд Арабиясындағы жергілікті шаһар басшылығының рұқсатымен соғылса, түпнұсқа құжаттары қайда?", "Дипломатиялық өкілетті орган арқылы іздеу салып, мұрағаттан табуға бола ма,болмай ма?" – деген сұрақтар туындайды. Алайда, оны іздеп, қамқор болып бас қатырып жатқан жан жоқ.

Ал, әшейінде өзімізбен салыстырғанда онша менсінбей қарайтын көрші жатқан айырқалпақ қырғыз ағайындардың бұл күнде айдарынан жел есіп тұр. Неге дейсіз ғой?.. Таяуда қасиетті Қағба орналасқан Мекке жерінде ата-бабаларынан мұраға қалған жер бар екені анықталды. Оны қырғыздардың дені жаңа естіп,қуанғандарынан қалпақтарын аспанға атуда.

Түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Отау ТВ» станциясына қосылмай тұрғанда үйдегі көк жәшік қырғыз ағайындарының он бір арнасын тартатын. Кешкілікте біздің каналдардың бір-бірінен айнымайтын арзан күлкі баққан бағдарламаларынан әбден зеріккен сәтте көршілердің «ауласына түсіп», танымдық хабарлар көретін әдетім бар-ды. Әрине, олардың бәрі де алтын емес. Әйтсе де,арасында сорпасының майы татитын хабарлар кезігіп қалады.

Сондай бір кеште қырғыздардың «Маданиат» арнасынан «Ұлытман» бағдарламасын көріп қалдым. Оның тұрақты тележүргізуші – Қырғызстанға танымал (қазаққа да белгілі) әнші-композитор Түгөлбай Қазақов. Ол қазір Қырғыз республикасының Мәдениет министрі қызметін атқарып отыр. Сол күнгі бағдарламадағы әңгіме төркіні қырғыздардың ұлттық рухы жайлы, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне жазмыштың жазуымен шашыраған  қандастарының тағдыры жайлы өрбіді. Монғолияда да өздерін «қырғызбыз» деп атайтын ел бар екен. Сондай-ақ, Қытайдың алыс түкпірінде бір ауыл қырғыз өмір сүреді екен. Оны айтасыз, баяғы «Ақ табан шұбырынды", "Алқа көл сұламада» жоңғарлардың қысымына шыдамай қашқан қырғыздардың біраз руы Қазақстанның Ақтөбе өңіріне сіңісіп, мүлдем тұрақтап қалып кеткені жайлы да айтылды.

Хабар барысында қонақтардың бірі қызықты әңгіменің ұштығын шығарды. Сонау 1921 жылы Қытайда тұратын қырғыздың бақуатты бес азаматы Ауғанстан, Пәкістан, Иран арқылы Сауд Аравиясына барып, Қағбаның қасынан жер сатып алып, үй-жай салады. Олар жай жүрмей саудамен айналысады. Күндер өткенде қолдары жүріп, дәулеті тасиды. 1925  жылы жергілікті үкімет Қағба төңірегіндегі ескі үйлерді бұзып, жаңа Бас жоспар бойынша құрылыс бастауды қолға алады .Жаңғыртуға іліккен жерде қырғыздар соққан үй де тұрады. Жеке меншікті құрметтейтін, жекенің құқығына қол сұқпайтын арабтар оның қожайындарына: «Жерлеріңізге қоса үйлеріңізді мемлекетке сатыңыздар!»-деп қолқа салады. Ал саудагер қырғыздар:           

– Сатпаймыз ,бұл жерді баю үшін алған жоқпыз. Мақсатымыз – қасиетті Қағбада тұрып Аллаға құлшылық жасау, – дейді. Үкімет өкілдері оларға Меккені жаңғыртудың жаңа жоспарына сәйкес бұл жердің қалай болғанда да мемлекет қарамағына өтетінін, ол үшін қанша ақша сұраса да  қазынадан қаржы бөлінетінін түсіндіреді. Сонда қырғыздар:

– Пайғамбарымыздың табаны тиген қасиетті мекеннен алған үйімізді пұлдамаймыз. Егер біздің шартымызға көнсеңіздер, тегін береміз, – дейді.

– Шарттарың қандай? – демей ме арабтар. Сонда қырғыздар:

– Қажылыққа Қырғызстаннан болашақта келетін барлық туысқан, жекжатымызды, сонымен бірге ұлты бөлек, діні бір сол жерден келген мұсылмандардың жатын жері мен барлық тамағы тегін болсын! – деген шарт қояды. Жергілікті үкімет адамдары сөзге келмей келісімін береді. Осыған сәйкес екі жақты келісім шарт жасалып ,мөрмен заңдастырылады. Ол құжаттың күші  әлі күнге дейін  жойылмаған.

Әлгі бес қырғыз кейін сауда-саттықпен Индияға және басқа елдерге қоныс аударып, жан-жаққа тамыр жаяды. Алайда, қасиетті Қағбадағы иеліктерін бір сәт те естен шығармай, оқтын-оқтын адам жіберіп тұрған. Солардың біреуінің ұрпағы қазір Түркияда тұрады екен.Ол да ожүйелі түрде Меккеге барып, екі жақты келісім шарттың орындалуын қадағалап қайтатын көрінеді. Қолында баяғы құжаттың түпнұсқасы бар.

Баяғыда қырғыздар соққан үйлер әлдеқашан бұзылып,орнына жаңасы бой түзеген. Дегенмен, арабтар берген уәдесінде тұрған. Бүгінде Қағба төңірегіндегі бір жатақхана маңдайшасында араб және кирилица әріптерімен «Қырғызстаннан келген қажыларға арналған жатақхана» деген жазу тұр. Бұл бейнесурет бағдарлама барысында телеэкраннан бірнеше мәрте қайталанды. Баяғы уағдаға сәйкес Қырғызстаннан барған мұсылмандардың бәрі ұлтына қарамастан сонда еш ақы-пұл төлемей жатып, жолдама мерзімі біткенше тегін тамақ ішуге құқылы болып шықты.

«Балық басынан шіриді» демекші, өкінішке орай,  бағдарлама меймандарының айтуына қарағанда бұл жайлы республиканың бұрынғы және кейінгі мүфтилері білсе де, жалпақ жұртқа жарияламай, елден құпия  ұстап келген. «Алтын көрсе періште жолдан тайыпты» деген осы! Ал, қажылыққа баратын ақша сомасынан олардың барып-қайтуға жетерлік жолақы, жатын орын,тамақ құны толық ұсталып келген. Егер Қырғызстаннан ниет етіп қажылыққа  баратындардың квотасы толмай қалған жағдайда тегін жолдаманы көршілес Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарына арзандау бағамен сатып келген.

     Бұл жайлы қырғыз азаматтары кездейсоқ біліпті.Соңғы барып қайтқан  қажының бірі телеэкран алдында өзінің 35(!) күн ақысыз, пұлсыз жатып, күніне үш мезгіл тамақтанғаны жайлы айтып берді. Бір қызығы әлгі жігіт 1921 жылы Меккеден жер сатып алған баяғы қырғыздың біреуімен жақын туыс болып шықты. Санжыра (қырғызша - «шежіре») бойынша жетінші атадан қосылатын бауыр екені анықталған. Осыдан тоқсан бес жыл бұрын ұрпағының болашағын ойлап,құжат-қағаздарын мұқият заңдастырған бабаларына қырғыздар алғыс жаудыруда.

 

Қамбар Қойшыбайұлы, 

Тараз қаласы

Пікір: 1
Пікір қосу