ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Таразда үш бірдей тәртіп сақшысы Елбасының «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Таразда үш бірдей тәртіп сақшысы Елбасының «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

2017 жылдың 6 мамыры күні Ішкі істер департаментінің акт залында аса ауыр қылмысты ізін суытпай ашып, күдіктілерді ұстауда айрықша ерлік көрсеткен Жамбыл облысы ІІД-нің үш бірдей қызметкері марапатталды. Бұл туралы Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі хабарлайды.

 Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлығымен «Әскери және қызметтік парызын үлгілі орындап, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанкештілігі үшін» – ІІД Жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі Мұрат Дәуітбаевқа, Жол-патрульдік полиция батальонының полицейлері Ержан Бұралхиев және Ғабит Төлегеновке «Ерлігі үшін» медалін Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Тлеген Советұлы Маткенов салтанатты түрде табыс етті.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылдың 3 ақпанында сағат 12.00 шамасында республикалық маңыздағы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолында бетперде киген үш адам мемлекеттік белгісі жоқ «Фольксваген Гольф» маркалы автокөлігімен шаруашылық тауарларын тасымалдайтын үш автокөліктің жүргізушілеріне қарақшылық шабуыл жасаған.

Аса ауыр қылмыстың жасалғаны туралы ақпарат Мойынқұм аудандық ішкі істер бөліміне түседі және тез арада Мойынқұм, Шу аудандары аумағында қызмет ететін барлық жасаққа жеткізіледі.

Жедел хабар алған Жамбыл облысы ІІД Жергілікті полиция қызметінің Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Алматы-Екатеринбург» тас жолына бағыт алған «Фольксваген Гольф - 2» автокөлігін байқап, оның ізіне түседі. Автокөліктің соңынан қуып жеткен полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы талабын орындамаған соң, тәртіп сақшылары өз өмірлерін қатерге тіге отырып, табельдік қару қолданып, қызметтік автокөлікпен аталмыш көлікті соғып, қауіпті қылмыскерлерді құрықтады.

Автокөлікті қарау барысында 6 атылған оқтың гильзалары, бетперде және ақшалай қаражат табылған.

Бірнеше мәрте қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлер  ержүрек полицейлердің жедел әрі кәсіби шараларының нәтижесінде, Балқаш көлінің жағалауында ұсталған болатын.

 

 

 

Пікір: 0
Пікір қосу