ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Байзақ ауданындағы жеке кәсіпкерлер саны артуда(ФОТО)

Байзақ ауданындағы жеке кәсіпкерлер саны артуда(ФОТО)

Бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының  өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 Бурыл ауылының тұрғыны Сарыпбеков Сағатбек 2016 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында несие алып, аудандағы жеке кәсіпкерлер санын арттырды.  Жеке кәсіпкер 1,3 млн. теңге көлемінде алған қаражатына жылқы малын алып, оны бордақылап сату, сондай-ақ мал басын арттырумен айналысуда. Осылайша, Байзақ  ауданындағы жеке кәсіпкерлерге несие беріліп, қолдау көрсетілуде. 

Өзім ІІ-ші топ мүгедегі болған соң маған несие жеңілдетілген және жылдам түрде берілді. Қазір осы арқылы отбасымдағы адамдарды да жұмыспен қамтып отырмын, - дейді жеке шаруашылық басшысы С. Сарыпбеков.

Сондай-ақ, баспасөз турында журналистердің бас сұққан келесі нысаны «Дулат» шаруа қожалығы болды. Көктал ауылында орналасқан аталған нысанда қазірдің өзінде мыңнан аса ірі қара мал бар. Олардың еті Алматы, Астана қалаларына өткізіледі екен. Шаруа қожалық басшысы Мусат Тәжібайұлының айтуынша бұл іс 2004 жылы бастау алған. Жыл сайынғы талмай еткен еңбектің нәтижесінде бүгінде мал басы артып, іс өрге дөңгелеп-ақ тұр.

Байзақ ауданындағы тағы бір ерекше атап өтетіні, ол жеке балабақшалардың атқарып отырған қызметтері. Мәселен, «Ерсән-Жәнай» және «Еңлік» атты балабақшалар қосымша тағы да балалар қабылдауға жоспар құруда. Себебі, қазір аудан бойынша екі мыңнан аса бала, ал орталықта 1600-ге жуық бала балабақшада кезекте тұр екен.

БАҚ өкілдерінің назарына іліккен келесі бір нысан «Іңәрбек» тіс емханасы. Мұнда қазір он шақты медицина қызметкерлері жұмыс атқарады. Олардың орташа айлық жалақысы 40-50 мың теңгені құрайды екен. 20 жыл бойы осы салада қызмет еткен Алмаз Іңкәрбекұлы 4 пайыздық жеңілдікпен 20 млн.теңге несие алып, қазір осындай жеке тіс емханасын ашқан. Айта кететіні, емханада аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларді тегін емдейді.

Бұдан өзге аудан тұрғындарына тарихи-өлкетану музейі қызмет етеді. 8 адам қызмет ететін аталған музейде археология, этнография, тарих, даңқ, мәдениет және спорт залдары бар. Онда түрлі құнды, әрі тарихи дүниелер қойылған. Бұл музейге аудан жұртшылығы да өзінің заттарын алып келіп қояды екен.

Байзақ ауданындағы ерекше атап өтетін шаруа қожалықтар, ол – «Ақ ниет» және «Лесняк» сүт өңдеу цехы. «Ақ ниет» шаруа қожалығы шұжық өнімдерін өндіруден республика бойынша алдыңғы қатарларда  тұр. Себебі сапасы өзгелерден ерекше, әрі өнімдерінің барлығы дерлік адал, «Халал» белгісімен шығады.

 «Лесняк» шаруа қожалығы да шығарып отырған өнімдерінің сапалылығымен артта қалар емес. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалығының өнімдері тек облысымызда ғана емес, республиканың  көп бөлігінде сұранысқа  ие. Арнайы зерттеуден өтіп, сапасы тексерілген сүттен ғана өндірілетін қаймақ, айран, йогурт  және тағы да басқа өнімдердің тұтынушылары да күн санап артуда.

 

Дереккөз:  «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі

 

Асылзат Жұмабай

Пікір: 1
Пікір қосу