ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Тараздық 115 оқушы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне аттанды

Тараздық 115 оқушы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне аттанды

Бүгін Тараз қалалық темір жол бекетінен аз қамтылған отбасынан шыққан 115 оқушы Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалау үшін аттанып кетті. Бұл туралы  «ZhambylNews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

 «Бүгін қаладан 115 оқушыны Астанада өтіп жатқан көрмеге шығарып салғалы тұрмыз. Оларды алып жүретін тағы қосымша 8 адам бар. Бұл жалпы «ЭКСПО-ны» тамашалайтын тараздық оқушылардың алғашқы легі ғана. Алдағы уақытта мұндай топтардың тағы тоғызы болады», - дейді ұйымдастырушылар.

Күннің ыстығына қарамастан темір жол бекетінде өз балаларын шығарып салушы ата-аналардың да қарасы көп. Олардың жүздерінен қуаныштың лебі сезіледі: 

«Біз алдымен мектеп басшылығына алғысымызды айтамыз. Балаларымызды жазғы лагерьге, түрлі іс-шараларға қатыстырып отырады. Әрине, ұйымдастырушыларға да алғысымыз шексіз. Себебі, менің жолдасым, яғни қызымның әкесі қызымыз кішкентай кезінде қайтыс болып кеткен. Жалғызбасты ана болған соң өз қалтамнан қаржы шығарып немесе қызымды өзім жетектеп Астанаға қыдыртуға алып бара алмаймын. Осы жағынан жеңілдіктер жасап, балаларымызды қуанышқа бөлеп жатқан ұйымдастырушыларға рахмет. Қыздарымыз ел көріп, жер көріп келетін болды деп қуанып отырмын», - дейді Рузалия есімді ата-ана.

Айта кетейік, бүгін жолға шыққан оқушылар 26 күні қалаға қайта келетін болады. Үш күнге созылатын бұл сапар жас достарға ұмытылмас әсер сыйлайды деп үміттенеміз.

 

Дереккөз: «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі

Автор: Асылзат Жұмабай

Пікір: 0
Пікір қосу