ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Байзақ ауданында екі бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

Байзақ ауданында екі бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

 Байзақ ауданы Қостөбе ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Аудан әкімі Рахматілда Рахманбердиев Елбасымыздың бастамасымен елімізде елеулі іс-шаралар атқарылып жатқанын, оның ішінде денсаулық саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Бқл туралы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы хабарлады.

 

Бұдан соң ауыл ақсақалдарының төрағасы, еңбек ардагері Сүлейменов Мамет емдеу нысанының бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыстар тіледі.

Қостөбелік көп тұрғынның қуанышымен ғимараттың құрылысын жүргізген «Binna-K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Керім Аташев та бөлісіп, асқақ та ажарлы амбулаторияның кілтін аға дәрігер Қалтаев Ғалымжанға салтанатты түрде табыс етті. Бұдан кейін аудан әкімі Р.Рахманбердиев пен Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Р.Сапарбеков дәрігерлік пункттің лентасын қиып, оларға шашу шашылды. Облыстан, ауданнан арнайы келген қонақтар бастаған ауыл тұрғындары ғимарат ішіне кіріп, жаңа нысанның бөлмелерін аралап көрді. Анықтама, зертхана, екпе егу, залалсыздандыру, терапия, педиатрия, әйелдерге көмек көрсететін орын мен күндізгі ем-шара кабинеттері толықтай соңғы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылғанын көрген көпшіліктің көңілі марқая түсті.

 

Қостөбе ауылынан кейін, аудан әкімі Сухамбай ауылындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны да салтанатты түрде ашып, бұл ауылдың тұрғындарын да қуантты. Амбулаторияның символдық кілті оның меңгеруші У.Мырзашеваға тапсырылды.

Салтанатты ашылуынан кейін қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап көрді, жаңа үлгідегі жабдықтармен танысты. Жалпы, бұл медициналық мекеменің құрылысына бюджеттен 60 946 341 теңге бөлінген. Бас мердігер - «Тиберда» ЖШС.

Кең, әрі жарық, науқастарды емдеуге барлық жағдайы жасалған зәулім мекемелер ендігі жерде сапалы медициналық көмек жолында қызмет етері анық.

 

Пікір: 0
Пікір қосу