ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Жас ғаламдардың жаңа жобасы жарап тұр

Жас ғаламдардың жаңа жобасы жарап тұр

Жас ғаламдардың жаңа жобасы жарап тұрТараз. Zhambylnews - Еліміздің бас қаласы Астана төрінде өткелі отырған «ЕХРО–2017» халықаралық көрмесіне қызу дайындық жасалып,  республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жаңа технология ойлап тауып, еліміздің дамуына үлестерін қосуға жамбылдық жас ғалымдар да ниетті екен. Оған М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың ұйымдастырған «ЕХРО-2017»: жас ғалымдардың жаңа жобалары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында  көзімізді жеткіздік. Бұл туралы ТарМУ баспасөз қызметі хабарлайды. 
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында  өткен бұл конференцияға  жиылған жас ғалымдар мен  оқытушы профессор құрамының қарасы қалың болды.   Жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың арасында тың идеялы инноваторларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға құттықтау сөзімен келген Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев жиынды ашып берді.  Өз сөзінде халықаралық көрмеге қойылатын жаңа өнертабыстарды іздеуде мұндай жиындардың теңдесі жоқ екенін айтқан ол, жамбылдық жас ғалымдардың «ЕХРО-ның» қатысушы атанатындарына сенім білдірді. Сонымен қатар, «ЕХРО–2017» көрмесі тек Астанада ғана өтіп қоймай, көптеген қонақтар, туристер біздің қаламызға да келіп, Тараз тарихының тереңде жатқан тарихымен танысуға мүмкіндік туатындығын айтты. 
Қатысушылардың конференцияға алып келген идеяларының тың, талаптарының зор екенін айта кеткен жөн. Мәселен, Абай атындағы №26 орта мектебінің 9 «ә» сынып оқушысы А. Құсаинова  баламалы қуат көзі ретінде биогазды пайдалану керек дейді. Оның айтуынша, жануарлар мен өсімдіктерден бөлінетін органикалық заттарды ашыту арқылы алынатын метан мен көмір қышқылының қоспасы тұрмыста пайдалануға таптырмайтын өнім дейді. Ал, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Бекжан Абзалбекұлы  «Қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған ортопедиялық өнімдер және жайлы аяқ киім жасау» жобасын ұсынды. Оның айтуынша, қант диабетімен ауыратын адамдарда диабеттік табан синдромы болады. Абзалдың жайлы аяқ киімі осы синдромның алдын алатындығын жеткізді.  Сонымен қатар, ТарМУ-дың «Машина жасау және механика» кафедрасының  аға оқытушысы Айдар Әбілдаев фермерлік  биогаз қондырғысындағы органикалық қалдықты өңдеп, пайдаға асыру, әрі агрохимия, экология және энергетика мәселелерін шешпек ниетте. Себебі, биогаз қондырғылары энергетикалық отын және жоғары сапалы органикалық тыңайтқыш береді екен.
Сондай-ақ, конференцияда «ЕХРО–2017»  және баламалы энергетика мәселесінің шешілу қырлары, Тараз тарихы -  «ЕХРО–2017» -нің назарында, жаңбырдан электр қуатын өндіру, қоршаған ортаны  тазалауға арналған қондырғылардың жобалары ұсынылды. Айта кетері, қатысушылардың ғылыми жаңалықтары ішінен лайықтысын таңдап, қажетіне жарату, тіпті, қаржыландыру үшін облыстың кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы басқармаларының «Даму» кәсіпкерлік қоры мен Кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты.
Өнертапқыштардың еңбегі жаңашылдығы, экономикалық және экологиялық тиімділігі, елдің индустриалды-инновациялық дамуына қосар үлесіне қарай сараланды. Сондай-ақ, олардың өзектілігі, ғылыми жаңашылдығы мен жобаның қазіргі өмірдегі қажеттілік деңгейі де ерекше бағаланды. Жиын соңында барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
 «ZhambylNews» АА
 
 

Ұқсас мақалалар:
Пікір: 0
Пікір қосу