ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » 6 жасар Мұхаммедті ұрлап кеткен әйел оны суық пәтерде ұстаған (фото, видео)

6 жасар Мұхаммедті ұрлап кеткен әйел оны суық пәтерде ұстаған (фото, видео)

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Амангелді ауылында сабақтан шығып, күндізгі уақытта жоғалып кеткен 6 жастағы бала ата-анасына қайтарылды. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
6 жасар Мұхаммедті ұрлап кеткен әйел оны суық пәтерде ұстаған (фото, видео)
Мұxаммед есімді бүлдіршін 23 ақпан күні ОҚО орталығы Шымкенттен 100 шақырымнан астам жердегі Арыс қаласынан табылды. Құзырлы мекемедегілер баланы  1956 жылы дүниеге келген арыстық азаматшаның жанынан тапты. Облыстық Ішкі істер департаментіндегілердің айтуынша, азаматшаның түр-келбеті бүлдіршінді ұрлады деген күдікпен іздестірілген әйелге ұқсас. Аталған жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы (Адам ұрлау) бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінде бүлдіршін Мұxаммед Қамшыбектің жағдайы жақсы. Әкесі Қазыбек Ағабековтің айтуынша, баланы псиxолог маманы тексеруден өткізіп, ауытқушылық байқамаған.
"Мұxаммед - үйдің үлкені. Ашық-жарқын мінезді ұлым ешкімді жатырқай қоймайтын. Үйдің үлкені болған соң пысықтығы басым. Мектепке өзі барып-келіп жүрді. Оның сөзінше мектептен шыға сала мүлдем бейтаныс әйел қолынан жетектеп алып кеткен. Көбіне кішкентай бала тәттілер мен ойыншыққа қызығады ғой. Балам ондай заттарды алмағанын айтты. Ауылдан шыққан соң аудан орталығына барған. Ары қарай әзірге ашыла айта қоймады. Белгілісі оны бейтаныс әйел суық үйде ұстапты",- деді Мұxаммедтің әкесі Қазыбек.
6 жасар Мұхаммедті ұрлап кеткен әйел оны суық пәтерде ұстаған (фото, видео)
БАЛАНЫ ҰРЛАҒАН ӘЙЕЛ
Бірнеше күннен бері баласын іздеп, күн-түн ұйқыдан айырылған ата-ана тұла бойы тұңғыштарының аман-есен өз отбасына оралғанына қуанышты.
"Әуелі Алланың, содан кейін құзырлы мекеме мен менің басыма түскен жағдайға бей-жай қарамаған жұртшылықтың арқасында ұлыммен қауышып отырмын. Барлықтарыңызға Алла разы болсын. Менің басыма салған жағдайды дұшпаныма да тілемеймін",- деген Қазыбек Қамшыбекұлы ұлын ұрлап кеткен күдіктінің үстінен шағымдану туралы кесіп айта алмайтынын жеткізді.
"Жұбайым екеуміз бұған дейін де айтқанбыз, бастысы, ұлымыз аман-есен оралды. Ешкімге шағымданғымыз да жоқ. Дегенмен жағдайды құқық қорғау қызметкерлері шешеді. Керек десеңіз, күдіктінің кім екенін де білмейміз. Ұлымыз қасымызға аяқ-қолы сау, аман-есен оралды. Аллаға сансыз шүкіршілік!"-деді тұңғышын құшақтай иіскеген әкесі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні, 20 ақпанда Амангелді ауылының тұрғыны күндізгі уақытта Ғани Мұратбаев атындағы мектептен шығып, үйіне қайта оралмаған еді. Куәгерлердің айтуынша оны егде жастағы әйел азаматша мектептен шыға сала өзімен бірге алып кетіп, жергілікті таксилердің біріне отырып, Ордабасы ауданының орталығы Темірланға жол тартқан.
Баланың әкесі полицияға шағымданып, жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланып, республика бойынша іздестіру шараларына еріктілер кіріскен еді.

Пікір: 0
Пікір қосу