Нұрсұлтан Назарбаев туралы жаңа кітап жарық көрді

0 5

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Елбасы және халқы» кітабының таныстырылымы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жарық көрген бұл жинақ ҚХА Төрағасы, қазақ еліндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің авторы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған.

«Қазақстан Халқы Ассамблеясы осы тарихи сәтке ерекше мән берді. Бұл шараны әдеттегі жиналыс емес, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті айқындайтын, жасампаз идеялары бар қайталанбас шығарманың көпшілік назарына ұсынылған күні деп қабыл етіңіздер. Ел тарихында Ассамблеяның құрылуы маңызды тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты. Естеріңізде болар, 1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздік салдарынан қиын дағдарысқа тап болды. Осы кезде, Елбасының шешімімен Ассамблея құрылып, оның халыққа тікелей назар аударуына жол ашылды. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады. Бұл саяси қадамдағы Нұрсұлтан Әбішұлының сара жолы ешқашан ұмытылмайды», — деді ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев кітаптың тұсаукесер рәсімінде.

Оның айтуынша, кеңес беруші орган ретінде құрылған Ассамблея, кітапта айтылғандай «жалпыұлттық диалогтың алаңына» айналды.

«Қазақстанды реформалау мен дамытудың өзекті мәселелерінің барлығында Ассамблеяның үні болды. Бүгінгі таңда Ассамблеяның бастамасы арқасында, біздің өмірімізде Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді ұғымдар пайда болды. Осы аталған рухани істердің барлығы, өзінің бастауын Ассамблея сессияларынан алады», — деп өз сөзін жалғастырды Ж. Түймебаев.

Сондай-ақ, ҚХА Төрағасының орынбасары көптеген әлемдік саясаткерлер мен халықаралық сарапшылардың қазақстандық бейбітшілік үлгісін жоғары бағалағанын жеткізді. БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун ҚХА мен БҰҰ жұмысы мен ұстанымдарын ұқсатқан болатын. Ал ресейлік ұлттық стратегия институтының халықаралық бағдарламалар бойынша директоры Юрий Солозобов Ассамблеяны этникалық өкілдіктің жаңа түрі деп сипаттады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясаты елімізде тұрып жатқан барлық этностарға теңдей жағдай жасап, бірдей құқықтық еркіндік беруде. Қазақстанда тұрып жатқан барлық халық пен этносаралық топтар – біздің еліміздің рухани байлығы. Елбасы атап өткендей, жаһандық әлем трансформацияны бастан кешіруде. Экономика, қоғам өмірі, технология түбегейлі өзгеруде. Біз бұл өзгерістерді қабылдаймыз және көп нәрсеге үйренеміз. Қоғам бірлігі мен этносаралық келісім өтпелі кезеңде тұрақты әрі түбегейлі құндылық болып қалады», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Жинақ үш тараудан құралған. Оның алғашқы бөлігінде ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995-1999 жылдары сөйлеген сөздері берілген. «Жеңіс пен жетістікке жігерлендіруші» тарауында Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында қызмет еткен жандардың, ҚХА мүшелерінің Елбасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген жарияланымдары топтастырылған. Үшінші тарауда «Халқының Елбасына ақ тілегі» атауымен этно-мәдени бірлестік өкілдерінің Елбасу туралы пікірлері жинақталған. Сондай-ақ, кітапқа Елбасының жеке архивінен алынған және кітапхана қорында сақталған құнды суреттер мен құжаттар енген.

«Елбасы және халқы» кітабы мың данамен жарық көрген. Кітаптар республика кітапханаларына жолданады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.