Таразда егде жастағы көлік жүргізушісі танымал қолөнершіге айналды

0
70

Алыс сапарларға қатынайтын көлік жүргізуші бойындағы өнерін ашқаннан кейін көпшілікке таныла бастады, деп хабарлайды “Zhambylnews” АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Абылхан Өтепбергенов Айша бибі ауылында тұрады. Мамандығы – зоотехник. Жүргізуші бола жүріп, бүкіл қазақ даласын шарлап шыққан, Ресейдің Иркутск қаласына дейін жүк тасыған. Осыдан төрт жыл бұрын Абылхан ағада кенеттен сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, ағаш ою өнері ояна бастаған.

«Қайдан келгенін білмеймін. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтысқа бардық. «Баласағұн» орталық концерт залының дәлізінде ашылған көрмеден көне ағаш ыдысты көрдім. Әдемі нақышты қошқармүйізге қарап тұрып, менің де жасағым келді», – дейді Абылхан Өтепбергенов.

Үйінің ауласында жеміс бермей қойған зәулім өрік ағашы өсіп тұрған екен. Көлеңкесінен басқа пайдасы жоқ ағашты кесіп, кептіріп, қошқармүйіз жасауды қолға алған.

«Құрал-сайманым сай болған жоқ, пышақ, балта, араны қолдандым. Жасаған қошқармүйізім келініме ұнап қалды. Соған сыйлай салдым, ол қошқармүйізді алып Маңғыстауға кетті. Кейінірек екіншісін де жасап, сыйға тарттым. Артынша, пиала, кесе, түрлі кәдесый атаулыны жасап жүрдім. Бастапқыда жасағандарым өзіме ұсқынсыздау көрініп жүрді, сондықтан сұрағандарға беріп жібере бердім. Жақында ғана сатуды қолға алдым», – дейді ол.

Қолөнерші үйінде – Жамбыл облысының Айша-бибі ауылында немесе 20 шақырымды еңсеріп, Тараздағы ежелгі Төрткүл керуен сарайында жұмыс істейді. Мұнда облыстық Туризм басқармасының қол алуымен «Көне Тараз шеберлері» этножобасы іске асырылуда. Бұл керуен сарайда осыдан 15 ғасыр бұрын Ұлы Жібек жолымен келе жатқан керуендер тоқтап, тыныстаған. Сондықтан, қайта жанданған Төрткүл керуен сарайы «Ұлы Жібек жолы» туристік бағдарының танымал нысандары тізіміне еніп отыр.

Абылхан ағаның айтуынша, олардың тұқымында көркемөнер шебері, қолөнершілер болмаған. Сондықтан болар, өзінің өнерін хобби деп атап, оны жүргізуші кәсібімен қатар алып жүр. Дегенмен, оның қолынан шыққан бұйымдар Төрткүлге қыдырып келгендерді де, мамандарды да тәнті етіп жатыр. Немересі Мәдина да атасының шеберлігіне қызығып, оны үйренудің әлегінде.

Енді Таразға келетін туристер Төрткүлде тек ұлттық тағамдарды ғана емес, жамбылдық шеберлер жасаған қолөнер бұйымдарын да алу мүмкіндігіне ие. Бұдан тыс, керуен сарайға келген туристер алтыбақан теуіп, жай тартады, халық әндерін тыңдап, би билейді. Ең бастысы – он саусағынан өнер тамған шебердің көз жауын алар бұйымдарын жасау барысын тамашалай алады.

Автор: Галина Скрипник

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here