Елімізде сүт безінің қатерлі ісігі жасарып барады – бас онколог-дәрігер

0
142

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог-дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратындар қатары жасарып бара жатқанын мәлім етті, – деп хабарлайды  “ZhambylNews” АА  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Біз халыққа обыр ауруларын анықтайтын тексерістерге, скринингтерге келіңіздер деп, алдын алу жұмыстарын барынша насихаттаймыз. Өміріңіздің бір күнін тексеріске арнаңыз. Сүт безінің қатерлі ісігі қазір елімізде жасарып барады. Бұл дертке 32 жасында, тіпті 28 жасында шалдыққандар кездесті. Сол себепті, тегін тексерістен өту жасын 50-ден 40 жасқа дейін төмендеттік. Яғни, осы жастағы әйелдер кез келген клиникаға келіп, тегін маммографиядан өте алады. Маммографтар барлық жерде бар», – деді Диляра Қайдарова Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілерге берген сұхбатында.

Бас онколог-дәрігердің айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі бүкіл әлем елдерінде жасарып барады. Адамның уайым-қайғыда болуы, дұрыс тамақтанбауы, ДНК-ның өзгеруіне алып келетін дәрі-дәрмекті қабылдауы мен жайсыз экологияның кеселінен әйелдер бұл ауруға шалдығуы әбден мүмкін.

Айта кетсек, бұған дейін Диляра Қайдарова ата-ананың рұқсатымен балаларға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакцинация жүргізілетінін мәлім еткен болатын.

Еске сала кетсек, елордада кеше Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммиті басталды. Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің қатысушыларына құттықтау хат жолдады.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here