Адамдар өз денсаулығына жауапты болуы керек-маман

0 6

Адамдар өздерінің денсаулығына жауапты болуы керек. Бұл туралы Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне арналған Республикалық клиникалық госпитальдің директоры Дамир Дәулетбаев айтты.

Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттердің бірі.

Спикердің айтуынша, Президент жолдауында денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілген.

«Президент Жолдауына байланысты үлкен мақсат-міндеттер қоғамның алдында, соның ішінде медицина қызметкерлерінің алдында, жалпы халықтың алдында тұр. Оның ең басты маңыздысы, ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін (МӘСЖ) енгізу болып отыр. Бұл — қыруар жұмыс. Екі-үш жылдың ішінде біздің министрлік оны егжей-тегжейлі талдап, заңнамаларын дайындап, тіпті Қарағандыда экспериментальді түрде енгізіп, байқап жатыр. Мұның өзі медицина қызметкерлерінің алдында үлкен жауапкершілік. Себебі осы үш жылдың ішінде 2,8 триллион теңге қаражат медицина саласына қосылады. Бүгінде біздің медицинаға үлкен технологиялар енгізілуде. Күрделі оталар да жасалып жатыр. Осы Орталық Азияда қолжетімсіз болып келген емдеу тәсілдері біздің елде жүзеге асып жатыр. Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар алғашқы медициналық көмекке үлкен мән беріліп жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазір барынша аурудың алдын алуға бар күшін салып жатыр. Ол скрининг, адамдарды диспанцеризациялау, тексеру. Екіншіден, үлкен маңызды мәселе — ол ауруларды оңалту. Науқас жандарды аурудан кейінгі тезірек аяғынан тұрғызып, тезірек сауығып кетуіне басты назар аудару болып отыр», — деді Дамир Дәулетбаев. Оның айтуынша, МӘМС енгізудің мақсаты – халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін ояту. «Біз бірінші байлық-денсаулық деп айтамыз да қоямыз. Адам өзінің жалақысынан бір пайыз, мекемелер екі пайыз төлегені, ол үлкен де қаражат емес. Басқа елдерде одан да көптеу төлейді. Бірақ біздің әлеуметтік, экономикалық жағдайымызды ескеріп, осы минималдық цифрларды қойып отыр. Соның өзінде де адам өзінің қалтасынан ақшасын шығарғаннан кейін ойлансын, соны білсін, денсаулығына мән беріп, соны нығайту жолына жұмыс жасасын деген әрекет.

Бұл енді, үлкен серпіліс береді деген үміттеміз. Себебі жалпы жағдай медицина қызметкерлеріне көп байланысты емес» , — деп қосты дәрігер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, адам денсаулығының 10 пайызы ғана дәрігерлердің қолында, қалған 50-60 пайызы адамдардың өз қолында. «Салауатты өмір салтын ұстанбаудың кесірінен соңғы жылдары жас балаларда семіздік ауруы белең алып отыр. Әртүрлі көз аурулары, сколиоз, қан қысымының көтерілуі де жиі кездесіп отыр. Бұл сәби кезінде жабысқан кесел ертең үлкейгенде де кете қоймайды, ұлғая береді. Сол себептен адамдардың өзінің денсаулығы бірінші байлығы екенін түсініп, еңбек етуі керек.

Ал бұл жағына осы сақтандыру қоры үлкен үлес қосады ма деген ойдамыз. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің алдында үлкен міндет-мақсаттар тұр», — деді маман.

Дереккөз: inform.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.