Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

0
2

Қазақстанда былтырдан бастап Үкіметтің қаулысымен 28-ші маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілгені белгілі. Яғни бүгін халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы кәсіби мерекесін атап өтеді.

Журналистика – БАҚ құралдарының (интернет, баспа, радио, телевидение, сайт) көмегімен ақпаратты жинау, өңдеу және тарату жұмысы. Журналистиканың ғылыми тәртібі баспаның дүниеге келуімен тікелей жолға қойылған. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында фото мен киножурналистика өмірге келіп, салаға тың тыныс әкелді. Ізінше 1920-1940 жылдары радио мен тележурналистиканың дәуірі басталды.

Әлемдегі зерттеушілердің бір шоғыры журналистиканың екі бағыты барын айтады. Олар: зерттеу журналистикасы мен тергеу журналистикасы. Яғни зерттеуші журналист әдетте ашық ақпарат көздерімен, ал тергеуші журналист жабық мәлімет көздерімен жұмыс істейді. Тиісінше осы екі амалдың жұмыс әдістемесі де екі түрлі.

Зерттеулерге қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 59 жылы газеттің алғашқы нұсқасы Римде пайда болған. Цезарьдың бұйрығымен топырақты тақтада «Сенат пен Рим халқының күнделікті хаттамасы» («Acta diurna senatus ас populi») басылып шығып тұрған. Кейін ақпарат таратудың осы амалы екіге бөлінеді. Атап айтқанда «Acta senatus» жиындардағы, сенаттағы жаңалықтардан хабар берсе, базарлар мен алаңдарда ілінетін «Acta diurna populi romani»-да қаланың күнделікті жаңалықтары басылып тұрған. Бұл «газеттерден» көшірме таралғандықтан сол тұстың өзінде тираждың жолға қойылғанын аңғаруға болады. «Acta diurna» үшін мәлімет жинайтын адамдарды ол дәуірде «диурналист» дейді екен. Міне «журналист» сөзінің түбірі осыдан шыққан.

Ал біздің тарихшылар жалпы қазақ даласында журналистиканың негізі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қаланғанын айтады. «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті… Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымның барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. «Қазақ журналистикасының атасы» атанған Мұхаметжан Сералиндер де сол тұста еңбек еткенін атап өту керек.

ХХ ғасырдың басындағы басылымдардың ішінде Алаш зиялылары шығарған ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы атанған «Қазақ» газетінің шоқтығы биік. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) — «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3 мың дана болса, кейіннен ол 8 мың данаға жетіп, ұлттық миссияны орындауға өлшеусіз еңбек сіңірді. Газет тарихы туралы толығырақ «ҚазАқпараттың» былтыр жарияланған зерттеуінен танысуға болады.

Совет дәуіріндегі қазақ журналистикасының идеологиялық шеңберден шыға алмағаны белгілі. Бұл ретте ғалым Кәкен Қамзиннің пікірі құнды. «Абай.кз» сайтында жарияланған мақалаларының бірінде ғалым «Кешегі моноидеология заманында қазақ журналистикасы да дүрмекке ілесе шауып, билеуші режимнің қызметшісі күнін кешті. Бірақ қызмет ету құлшылық ету, бұдырсыз бас ұру, табансыз табыну дегенді білдірмейді. Ол белгілі бір дәрежеде зиялы қауым мен саяси топ-менеджерлер арасындағы «қоғамдық келісім» болатын. Кеңестік кезеңнің өзінде күн тәртібіне өткір мәдени, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық проблемалар қоя білетін озық үлгідегі журналистика мен өжет қаламгерлер күн кешкені әмбеге аян» дейді.

Тәуелсіз Қазақстан тарихына келер болсақ, елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданғанын атап өту керек. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін беріп, баспасөз саласында мемлекеттік БАҚ-пен қатар, жекеменшік басылымдар пайда бола бастаған кез.

Ал 2011 жылдан былтырға дейін аталып өткен журналистер күнін белгілеу алдында тілшілер қауымының арасында біршама пікірталас туындаған. Бір топ қазақ даласында сонау бір ғасырдан астам уақыт бұрын мамыр айында жарық көрген «Түркістан уәлаяты» газетінің шығу төркіні құрметіне орай, тілшілер мерекесін мамыр айында белгілеуді сұраса, енді бірі журналистер күнін «Қазақ» газетінің тарихына икемдеуді ұсынған. 2011 жылы шыққан Тұңғыш Президенттің №164 Жарлығы бұл пікірталастардың бәріне нүкте қойса, 2019 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды. Оның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерінің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын.

Әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі таңда журналистердің жұмысына да бірқатар өзгеріс енгізіліп жатыр. Баспасөз мәслихаттарының көбі бүгінгі күні онлайн режимге өткендіктен, газет пен интернет журналистика саласындағы тілшілердің көбі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшіп кеткен. Әйтсе де ТЖ режимі кезінде де журналистердің біршамасы, әсіресе телевизия саласындағы мамандардың медициналық және әскери қызметкерлермен иық тіресе, халыққа ақпарат таратқаны мәлім.

Бүгінгі мерекеге орай еліміздегі тілшілер қауымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құттықтап, Мемлекет басшысы БАҚ саласындағы сыйлықтарды беру туралы Жарлыққа қол қойды. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды.

Президенттің БАҚ саласындағы Алғысы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды ақпараттық жариялап-көрсетуге қосқан ерекше үлесі үшін құрылғанына биыл 100 жыл толатын «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің шығармашылық ұжымына да табысталды. БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі күні «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымы еліміздегі барша журналистерге шығармашылық табыс тілейді. Сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын, әріптестер.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here