Коронавируспен күрес: Қазақстанда вакцинаны таңдау мүмкіндігі бола ма

0 0

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа ауысты. 3 өңір (Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) қызыл аймақта тұр. Сары аймақта – 3 өңір (Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) бар. Қалған 11 өңір — жасыл аймақта. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой КВИ-ға қарсы вакциналауға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді, — деп жазады “ZhambylNews” AA Қазақпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстанда вакциналауға жіберілген барлық екпелер тексерілген әрі қауіпсіз болып саналады. Өздеріңіз білесіздер, ресейлік «Спутник V» келді, Денсаулық сақтау министрлігі бойынша және өңірлердегі әріптестеріміз, сондай-ақ медициналық қызметкерлер вакцинаны салдырып жатыр. Бұл вакцина тиімді және қауіпсіз саналып отыр. Сонымен қатар Қазақстанда «QazCovid-In вакцинасы дайындалып жатыр. Оның технологиясы өзгешелеу. Бізде оған қатысты зерттеулер айрықша бақылауда тұр. Қазіргі кезде клиникалық зерттеудің соңғы үшінші фазасы жүріп жатыр, 3 мың ерікті екпе салдырды», — деді министр.

Осы орайда ол отандық вакцина бойынша жақсы нәтиже болып отырғанын жеткізді.

«Денсаулық сақтау министрі ретінде қазақстандық вакцинаны қолдағым келді. Вакцина шыққан кезде, яғни бізде ресми түрде жіберілгенде алғашқылардың қатарында оны салдырамын», — деді Алексей Цой.

Баспасөз мәслихатында сәуір айындағы жаппай ерікті вакциналауға Қазақстанның дайындығы туралы сұралды. Атап айтқанда, халықтың 60 пайызы сәуірде екпе салдырғысы келсе, олардың барлығын вакцинамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

«Біз осы науқанға дайындалып жатырмыз. Осы мерзімде қазақстандық вакцина пайда болуы мүмкін. Вакциналау желісі бізде құрылған. Жалпы, дәрігерлер бұл науқанға дайындалды. Барлығы екпенің келіп түсуі көлеміне байланысты болатыны анық», — деді министр.

А. Цой барша әлемде вакцина тапшылығы сезіліп жатқанын атап өтті.

«Нарыққа вакцинаның келеуі деңгейіне қарай біз барша Қазақстан бойынша вакциналауды қамтамасыз етеміз. Атап айтқанда, тоңазытқыш жабдықтар тексерістен өтті. Еске сала кетейін, тұмауға қарсы вакциналауда бір ай ішінде 2 млн-нан астам адамға екпе салынды. Сондықтан біз үшін осындай көлем қалыпты түрде іске асырылады. Ең бастысы, екпенің тиімділігін көріп, вакциналау орындарына келіп, ерікті түрде коронавирустан ұжымдық қорғанысты қолдағаны маңызды», — деді ведомство басшысы.

Осы орайда ол кезең-кезеңмен ел халқы екпе салдырудан өтетінін нақтылады. Вакцинаның сапалысы таңдалады ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда барлық тіркеуден өткен тиімді, сапалы әрі қолжетімді вакцина жаппай вакциналауға жіберіледі.

«Қазіргі кезде елімізде ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу жүріп жатыр. Алдағы уақытта қазақстандық вакцина болады. Отандық вакцина клиникалық зерттеулерден өтіп жатыр», — деді ол.

А. Ғиният қазіргі уақытта Pfizer вакцинасын Қазақстанға алып келу туралы нақты келіссөздер жүргізілмегенін жеткізді. Бұдан бөлек, вице-министр вакцина қойылған жағдайда маскасыз жүру мүмкіндігі туралы қойылған сұраққа жауап берді.

«Халықтың ортасында ұжымдық иммунитет қалыптаспай, халықтың 60 пайыздан астамы вакциналаудан өтпей, масканы шешуге болмайды. Ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін ғана маскасыз жүруге болады», — деді Ажар Ғиният.

«Қазақстан халқына екпе салдыру науқаны жаппай басталған уақытта сауалнама жүргізіле ме? Яғни қай вакцинаны таңдайтыны сұрала ма?», — деп сұрады тілші Орталық коммуникациялар қызметіндегі бастасөз мәслихатында.

«Егер ресейлік вакцина («Спутник V») жақсы өндіріске қойылса, сонымен қатар қазақстандық вакцина да жеткілікті болса, онда екпе салдыруға келген адамдардың өтінішін қарастыруымыз мүмкін. Қазіргі кезде қолжетімді вакцинаға байланысты екпе салдыру жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, көптеген елдер осы вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан біз барлық тіркеуден өткен тиімді, сапалы әрі қолжетімді вакцинаны салдырамыз. Егер Pfizer компаниясының вакцинасы біздің елге келетін болса, толық тексерістен өтеді. Оның тиімділігі толық зерделенеді. Біздің елде бұл вакцина тіркеуден өтпеді», — деді Ажар Ғиният.

Биыл Наурыз мерекесі қалай тойланады Айтпақшы, Наурыздағы мерекелік күндерде бұқаралық іс-шаралар өткізілмейтіні атап өтілді.

«Бұл жағдай әрбір өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Сондықтан әр өңірдің бас санитар дәрігері жергілікті жердегі аурудың таралуына қатысты көрсеткіштерді назарға алып, өздерінің қаулысын қабылдайды. Барлығы қалыпты болса, қазіргі тәртіпте жұмыстар жалғасады. Бірақ бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді. Әркім наурызды өз отбасында тойлауы керек», — деді Ажар Ғиният.

Leave A Reply

Your email address will not be published.