БЖЗҚ-дан төлемдер зейнетақы жинақтары біткенге дейін жүзеге асырылады

0 0

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтар зейнетақы жасына жеткенде зейнетақы төлемдерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алуға құқылы немесе зейнетақы жинақтары жеткілікті болған жағдайда өмірді сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитетін сатып алу арқылы төлемдер ала алады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының бастығы Сағи Әжібектің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер зейнетақы жинақтары біткенге дейін жүзеге асырылады, ал өмірді сақтандыру компаниясынан төлемдер алдын ала нақты белгіленген мөлшермен өмір бойы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, зейнетақы аннуитеті бойынша ер адамдар 55 жасқа, әйелдер 52 жасқа толғаннан бастап төлемдер жасалады.

«Өмірді сақтандыру компаниясы зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді сақтанушының бүкіл өмірі бойы ай сайын жүзеге асырады және жыл сайын төлемдерге 5% пайыздан кем емес индексациялау қолданады. Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем мерзімін орнатуға болады, бұл опция сақтанушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді мұрагерлерге беруді қамтамасыз етеді», — деді С.Әжібек.

Оның мәліметінше, биылдан бастап зейнетақы аннуитетінің құны айтарлықтай төмендеді. Егер 2020 жылы 55 жасқа толған ер адамдар үшін зейнетақы аннуитетінің шартын жасау үшін жеткіліктілік сомасы шамамен 11 млн теңгені құраса, биылдан бастап бұл көрсеткіш 6,7 млн теңгеге дейін төмендеді. Ал 52 жастағы әйелдер үшін жеткіліктік сомасы шамамен 15 млн теңгеден 9 млн теңгеге төмендеген. Төлемдері 55 жастан басталатын кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан алу үшін ер адамда кемінде — 6,1 млн теңге, ал әйелде — 7,7 млн теңге болуы керек.

Зейнетақы аннуитеті — бұл зейнетақы қорының салымшысына жас және еңбекке қабілетті кезінде зейнетақы төлемдерінің баламалы көзін құруға және зейнетке шыққанда өзін тұрақты төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жоспарының бір түрі болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.