Елу жылда – ел жаңа

0 87

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғайдағы, нелер басынан өтпеген, кімдер келіп, кімдер кетпеген, елі бай, жері дархан аудан. Жамбыл облысының 42 пайызын алып жатқан (облыста 10 аудан бар)  аудан халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысса, кейінгі жылдары өндірістік өлкеге айналып барады. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, қойнауы қазынаға толы кең байтақ жер мойынқұмдықтарға құдайдың берген сыйы. Ақбақайдың алтыны, Мыңарал мен Хантаудың цементі, Мирныйдың көмірі, Шығанақтың бариті, Балқаштың балығы мен Қияқтының граниті сөзімізге дәлел болғандай. Міне өлшеусіз байлық деген осы емес пе?

Бар болғаны 55 жылдық тарихы бар бұл аудан кешегі Керей мен Жәнібек хандар қазақ хандығының алғаш туын тіккен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған, белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов «Мойынқұмда ауылым» деп әнін арнаған, махаббаттың символына айналған «Құралай» сұлудың кесенесі тұрған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың, «Желтоқсан» оқиғасының құрбаны, қазақтың қайсар ұлы, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің елі екенін әрқашан мақтан етеміз. Елі бай, жері дархан Мойынқұм дегеніңіз бітпейтін құт, таусылмайтын береке, тұнған байлық мекені, мол ырыстың ордасы.

Мойынқұм ауданы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 31 декабрь 1964 жылғы Указымен кешегі Көктерек ауданының негізінде 1965 жылы шөл мен шөлейт жерлерді игеру мақсатында  құрылды. Орталығы Фурмановка селосы болып белгіленді. Ауданның аумағы 72,1 мың шаршы километрді құрайды. Аудан жаңадан құрылғанда оның құрамына көршілес Шу ауданынан Жамбыл, Қызылтал, Коминтерн, Құмөзек, Сарқырама, Ұланбел, Фурманов селолық советтері, ал Талас ауданынан Жайлаукөл селолық советі, Шу қаласынан Ақсүйек, Мирный, Хантау, Шығанақ поселкелік советтері енді. Аудан ұйымдасқанда 297736 қой-ешкі, 28179 ірі –қара, 4634 жылқы, 1390 түйе болған екен.

Аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысып, алғашқы бес жылда-ақ мал басын өзі төлі есебінен көбейткен. Малға қажетті жем-шөп қоры осы өңірден дайындалып, жүгері, арпа, бидайдан да мол табысқа қол жетті. Осы жылдары табыстың тай қазанын тасытқан «Мойынқұм, «Шу, «Айдарлы» совхоздарының аға шопандары Мешітбай Қойшыбеков, Нұржамал Туғанбаева, Күлзада Тілеубаевалар СССР Жоғарғы Советінің, ал Сейілхан Аққозиев, Айтбай Назарбеков, Әбжаппар Досымбаев, Жазылбек Қуанышбаев, Шоман Шәріпбаев, Шотай Тайбағаров, Тұрмағанбет Арыстанбеков, Айдархан Өстібаевтар Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттары болды. Кейін олардың қатарына Мұрат Сейдалиев қосылды. Бұлардан басқа да әртүрлі орден, медальдарды кеуделеріне таққан еңбек озаттары аз болмады.

Аудан алғаш құрылған жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің сенімді серіктері болып, ауданда лауазымды қызметтер атқарған Әбжаппар Досымбаев, Қаратай Адамбаев, Байділда Кәдірбергенов, Билібай Қашағанов, Доғдырбек Сейітжанов,  Исахан Кәметов, Әуесхан Мырзаханов, Мұрат Сейдалиев, Аяған Оспанов, Әскербек Әйтішев, Серік Әлімбетов, Бөбек Қаратереев, Дүйсен Асанбаев,  Бағлан Қарашолақов, Оқас Бейімбетов, Жұмабек Орынбаев, Зоя Архабаева, Қырғызбай Іңкәрбеков, Орынбет Төлегенов, Жиенқұл Кемелқұлов, Елжан Оспанқұловтардың есімдерін ерекше ілтипатпен атап өтуге болады.

Сондай-ақ совхоз директорлары болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан Дәрмен Құндызбеков, Сәруархан Зәуірбеков, Қожахмет Төлегенов, Ахметәлі Жанғозиев, Талап Жақсылықов, Отынбай Сқақов, Омарбай Жұмашев, Кәрібек Әшкеев, Қуантай Саттаров, Амансары Әбікеев, Несіпбай Есілбаев, Жақсыгелді Үменов, Бейсенғазы Тайжанов, Есенаман Ошақбаев,  Тоқтанай Шойынбаев, Тайғазы Баялиев, Серікбай Жақсымбетовтердің есімдері ел есінде қалды. Бұлардан басқа да мекеме, кәсіпорын басшылары,  мектеп директорлары, орта буын мамандар, еңбек адамдары ортақ іске өз үлестерін қосқанын жақсы білеміз.

Ауданда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан, малшылардың маршалы атанған Жазылбек  Қуанышбаев бастаған 10 Социалистік Еңбек Ерлеріне арнайы аллея ашылып, бюстері қойылған. Ал оның басында Жаз-атамыздың еңселі ескерткіші тұр. Осы аллеядан аудан алғаш ашылғаннан бастап оны 20 жыл бойы (1965-1985) үздіксіз басқарған Айтбай Назарбековтің де ескерткіші орын алды.

Жамбыл облыстық әкімшілігі басшысының 1993 жылғы шешімімен Фурмановка селосының аты Мойынқұм ауылы болып өзгертілді. Алайда қазіргі жағдайға байланысты аудан орталығының атын атақты шопан, малшылардың маршалы атанған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, жерлесіміз Жазылбек  Қуанышбаевтың атымен атауға жұмыс жасалуда. Себебі, 2021 жылы даңқты шопан Жаз-атаның 125 жылдығы кең көлемде тойланатын болады. Оған дайындық жұмыстары басталыпта кетті.

Ауданда тарихи орындар, ұлы тұлғаларға қойылған ескерткіштер, кесенелер көп-ақ. Ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. 1465-1466 жылдары хандықты құрған қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының туын қадаған жері ауданымыздың аумағындағы Хантауының іргесіндегі Қозыбасы деген шоқы. Хантауындағы «Хан тағы», «Хан сатысы», «Хан қорасы» деген жәдігерлердің өзі осы маңда алғашқы қазақ хандығының құрылғанын айғақтап тұрғандай.

Ауданымыздағы революционер-ақын  Сәкен Сейфуллин өткен Шу өзені  бойына белгі қойылып, сол маңдағы Ұланбел ауылына бюсті орнатылған. Осы өңірдегі суырып салма ақын Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасына арқау болып, махаббаттың символына айналған Құралайдың кесенесі де алыстан менмұндалайды.  Кесене осыдан 5-6 жыл бұрын  жерлесіміз, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықовтың демеушілігімен  қайта жөндеуден өткізілді. Елін жаудан қорғап, егіншілікпен айналысуларына жол ашқан Биназар батырдың ат үстіндегі еңселі ескерткіші Тараз-Астана тасжолы бойындағы Бірлік ауылы маңында тұр. Күшаман ауылы маңындағы «Қырбас ата» мазары  мемлекеттің қорғалуына алынған. Аудан орталығындағы  «Керей мен Жәнібек» хандар, «Құралай сұлу»,  Қылышбай ауылындағы  тума талант, ақын-шешен «Қылышбай ата», Ақбақай ауылындағы атақты геолог  Дүбек Дүйсенбековтердің ескерткіштері ерекшеліктерімен көз тартады.

Біз өз ауданымыздың түлегі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған, «Халық Қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековті әркез мақтан етеміз. Оның ақындығы, ерлік істері қашанда жастарға үлгі. Аудан орталығында және оның туған ауылы Бірлікте ескерткіштері бар, өзі оқыған С.М.Киров мектебіне есімі берілді. Аудан орталығындағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейде Қайратқа арналып арнайы бұрыш ашылса, Қ.Рысқұлбеков атындағы мектепте музейі жұмыс істейді.

Ауданымыз ауыл шаруашылығымен бірге кейінгі жылдары өндірісті өлкеге де айналып барады. Ауданда алтын, барит, көмір, цемент, гранит, мрамор тастар өндіріліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі құрылыс жұмыстарына пайдаланылуда. Ұланбелдің қызыл тақта тастары да кәдеге асып тұр.

Аудандағы «Алтын –Алмас» АҚ Ақбақай кен байыту комбинаты, Мыңарал, Хантау цемент зауыттары, Шығыс кен басқармасы, Мыңарал балық зауыты, «Оргстрой» мекемелері өз жұмыстарын ширата түсіп, жылдан-жылға жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Олар мол өнім өндірумен бірге, ауданның жүздеген азаматтарына жұмыс тауып беруде.

1985 жылдан бері қарай ауданды басқарған Қапан Рахымбердиев, Нілзия Рақышева, Мұрат Сейдалиев, Бағлан Қарашолақов, Болат Бейімбетов, Кәрім Көкірекбаев, Оңдасын Жиенқұлов, Төлеухан Оспанбеков, Мәден Мұсаев, Болат Рысмендиев, Сәкен Арубаев, Болатбек Мәдікенов, Бақытжан Нүркеновтерде ауданның өсіп-өркендеуі, әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өздерінің айтарлықтай үлестерін қосты. Ең бастысы олар ауданда еңбек өнімділігін арттыра отырып, елдің бірлігін сақтады, мәдениетін қалыптастырды. Мұндай жақсы үрдіс бүгінде жалғасын тауып, ауданымыз облыс көлемінде көптеген көрсеткіштер бойынша  алдыңғы орындардан көрініп келеді.

Аудандағы 16 ауыл, ауылдық округтерде 32 мыңнан аса халық тұрады. Аудан халқы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда ұйымшылдық танытуда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ауданға 1 млрд. 387 миллион теңге бөлінді. Аталған қаржыға ауданның 55 жылдығына орай 55 жоба қолға алынған. Олардың қатарында аурухана, мектептерді ағымдағы, күрделі жөндеулерден өткізу, шағын спорт алаңшаларын соғу, жолдарды жөндеу, тозған су құбырларын ауыстыру, цемент астаулар орнату арқылы Мойынқұм ауылындағы шеткі көшелерге су жеткізу, каналдарды тазалау, аудан орталығындағы орталық алаңды қайта жаңғырту тәрізді құрылыс жұмыстары бар.  Бүгінде бұл жұмыстар түгелдей сапалы аяқталып, халықтың игілігіне берілді. Аталған жұмыстарға ауданның ауылдарынан жүздеген жұмыссыздар жұмысқа тартылды.

Аудан  тұрғындары мал өсіру мен егіс егіп, одан мол өнімге қол жеткізу бағытында еңбек етуде. Округтерде құрылған өндірістік кооперативтер үлкен істің ұйытқысы болып отыр. Мейірхан Шалқарбеков пен Алмабек Әбдіқадыров басқаратын Айдарлы ауылындағы «Айдарлы-Агро-2019», Бірлік ауылындағы «Байбарақ-Агро» кооперативтерінің жүйелі  жұмыстары өзгелерге үлгі болуда. Олар ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен қамтамасыз етілген, қырмандары бар.

Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға арналған «Қанатқақты» пилоттық жобаға енген Кеңес ауылдық округі тұрғындары бар болғаны кейінгі екі жылда өз жағдайларын анағұрлым жақсартты. Округтегі барлық  363 отбасы  жоба аясында өз үйлері жанындағы қосалқы шаруашылықтарын тиімді пайдаланып, одан мол табысқа кенелуде. Бұл жерде олардың ең төменгі пайызбен мемлекеттен алған несиелерін тиімді пайдаланып отырғанын айта кеткен орынды болар.

Кейінгі екі жылда аудандағы кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі  суармалы егістік қайта қолға алынды. Сөйтіп, аудан диқандары жүгері, тары, арпа, жоңышқа, көкөніс егіп, одан мол өнімге қол жеткізіп отыр.      Аудандағы әлеуметтік жағдайларға да баса көңіл бөлінуде. Ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізсе, жолдар жөнделуде. Әрбір ауылда шағын спорт алаңшалары соғылып, жастардың спортпен тұрақты айналысуларына жағдай жасалды. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларында да қол жеткізген жетістіктер аз емес. Аудан тұрғындары бүгінгі қол жеткізген жетістіктерін алда да еселей түсу жолында аянбай еңбек етуде.

Мәден МҰСАЕВ,

Мойынқұм ауданының әкімі.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.