Телефонға ұзақ қарасаңыз…

0 2

Қазіргі кезде кез келген адамнан «қай затсыз бір күн болсын жүре алмайсың?» деп сұрасаңыз, көбі ұялы телефонын таңдайды. Жаңа технологиялар арқасында телефон таныстарыңмен байланысатын құрал ғана емес: оны ойын ойнауға, фильм көруге, оқуға және сауда жасауға пайдаланамыз. Сондықтан ұялы телефонның экранына қараумен көп уақыт өтіп кетеді. Ал сарапшылар болса, адамдардың смартфон алдында ұзақ отыруының жағымсыз салдарлары жайлы жиі ескертеді.

Көзге күш түседі
«Сандық құралдарды ұзақ қолдану көзге көп күш түсіреді, — дейді Америкалық оптометрия академиясының мүшесі, дәрігер Ховард Перселл. — Оның белгілері мынадай болуы мүмкін: нашар көру, зейін қоя алмау, қызару, көздің шаршауы немесе құрғақтық, бас ауыруы».

Егер ұялы телефон экранының алдында ұзақ отыру керек болса, дәрігер Ховард 20/20/20 ережесін қолдануды ұсынады. Ол үшін әр 20 минут сайын шамамен 6 метр (20 фут) қашықтықта тұрған бір затқа 20 секунд бойы қарау керек.

Мойын ауырады
Адам ұялы телефонға қарағанда басын төмен салбыратып, арқасын бүкірейтіп отырады. Дәрігерлердің айтуынша, смартфондарды белсенді қолданушыларда жиі кездесетін проблема — мойынның созылуы.

Оттегі жетпейді
Кливленд клиникасының мәліметі бойынша, бүкірейіп отыру өкпенің кеңеюіне кедергі келтіреді, сондықтан оның көлемі азаяды. Оттегіні аз жұту жүрегіңізді көбірек жұмыс істеуге итермелейді.

Білек созылады
Смартфонды қолда ұзақ ұстағандықтан білек каналы қысылады және сіңір байланыстары қабынады.

Бас бармақ ауырады
«Мәтіндік» бас бармақ — телефонмен ұзақ отыратын адамдардың арасында жиі кездесетін тағы бір кең тараған жарақат. Үнемі мәтін тергендіктен бас бармақтың ауыруы немесе ұйып қалуы мүмкін.

Ұйқы бұзылады
Ұялы телефонға ұзақ қарап отыру ағзадағы мелатонин деңгейіне әсер етіп, оны азайтады. Оған қоса телефон экранының ашық түсі миды белсенді түрде ұстап тұрады.

Маза кетеді
Адамдар көп уақытты шынайы өмірден гөрі «кибер әлемге» жұмсайтын болғандықтан мазасыз ауытқулар мөлшері көбейіп жатыр. Психологтардың айтуынша, адамдар санасын қорқынышты жаңалықтармен және «мінсіз инстаграм өмірімен» толтырып, қорғансыз болып бара жатыр.

Депрессияға ұшырайды
Телефонға тәуелді болу адамның өзін-өзі бағалауына кері әсерін береді. Адам әлеуметтік желілерден басқа адамдардың әдемі суреттерін көріп, оларды еріксіз өзімен салыстыра бастайды. Бұл салыстыру депрессияға әкеледі.

Елестейді
Егер телефоныңыздың хабарламасының даусын немесе вибрациясын естіп, бірақ оны қарағанда ешқандай хабарлама мен хат болмаса, сіз жалғыз емессіз. Сіз естен айырылған жоқсыз, бұл галлюцинацияға ұқсайтын жаңа құбылыс. Психологтар оған «фантомдық вибрация синдромы» деген атау берді. Соңғы жүргізілген зерттеулер бойынша, онымен смартфонды белсенді қолданатындардың шамамен 10%-ы қиналады.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.