Тсс! Артық салмақ туралы сөйлемеңіз!

0 3

Артық салмақтан арылуды мақсат еткен жандарға жақындары және олардың көзқарасы әсер етпей қоймайды. Артық салмақты өзінің бір кемшілігі (комплекс) санайтын адамдарға қолдау көрсету керек. Мейлі ол сіздің досыңыз болсын, бауырыңыз болсын, қалжың ретінде оның кемшілігін айтуға болмайтынын білесіз бе?

Бойынан бір өзгешелікті байқаған адам өзгелердің де елеп-ескергенін қалайды. Сол үшін кейбірі «арықтаппын ба?» деп өздері сұрап жатады. Ал дене сымбатын қалыпқа келтіріп жүрген кейбір жандар процесті байқамағанын қалайды. Сонымен екінші топқа жататын адамдардың құрбыларынан естігісі келмейтін сөздерін тізіп көрейік.

1. Әлі қанша салмақ тастамақсың?

Досыңыздың осыған дейінгі нәтижесі өз көңілінен шықса да, оған аздық етеді. Артық салмақ досыңыздың комплексіне айналуы мүмкін. «Сен қазірде жақсы көрінесің», «өз формаңда жүрсің» деген пікірлер оның қытығына тиюі әбден мүмкін.

2. Мүмкін бұл тамақты жемей-ақ қоярсың?!

Диета ұстап жүрген құрбыңызбен бірге мейрамханаға не асханаға, дүкенге барсаңыз, мұндай сөз айтпағаныңыз жөн. Астың құрамындағы қант пен май мөлшерін оның есіне салудың қажеті жоқ. Салмақ тастап жүрген адам да өзін бір сәт еркелеткісі келеді. Сіз де оған көмектескіңіз келетін болар. Бірақ мынадай сұрақтар көмек болмайды.

3. Сен бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы көрінесің!

Құрбыңыздың бойындағы өзгерісті байқасаңыз, бетіне басудың қажеті жоқ. Алдыңғы және диетадан кейінгі дене бітімін салыстыру артық етеді. Ол өз бойындағы артықшылығы мен кемшілігін тез байқайды. Сіздің бұл сөзіңіз «сен әлі толықсың» деумен бірдей. Егер өзгерістің бар-жоғын білгісі келсе, ол өзі бастап сұрайды. Өзі жақ ашпаса, сіз де сын айтпаңыз.

4. «Бәрібір толып кетесің» дейді ғой

Құрбыңыз салауатты өмір салтын сақтап, майлы әрі тез дайындалатын тағамдардан қашып жүрсе, таңғы жаттығуы мен жүгіруін тоқтатпай, өз сымбатына ден қойып жүрсе, мына сөзіңіз кері әсер етеді. Салмақты бірқалыпта сақтау мүмкін емес. Бірақ адамның өз мақсатына жетуге мүмкіндік беріңіз. «Жүгіруді тастап кетсең, толып кетесің», «тамақ жемей жүремін деймісің?» деген сынды сөздерден кейін тауы шағылары сөзсіз. Қайта күш беріп, демеңіз.

5. Сымбатты болып кетіпсің!

Кей адамдар бұл сөзіңізге «бұрын қандай едім» деп жауабы жоқ сұрақ тастайды. Өзіңізді не сөзіңізді ақтаймын деп, кикілжіңге ұрынуыңыз мүмкін. Бұл сөзді әркімнің әртүрлі қабылдары анық. Бірі жанға жағатын пікір десе, бірі сын деп біледі. Тісіңізден шығып бара жатқан бұл сөздің кімге бағытталғанын ескеріңіз.

Досыңыздың салмағына не сымбатына қарап емес, оның жеке қасиеттеріне көңіл бөлу керегін ұмытпағайсыз!

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.