Кедейліктің құпиясы. Сұрақтар мен шешімдер

0 41

Кедейліктің түп тамыры қайда? Өміріміз тоқшылықта өтеді ме, әлде жоқшылықтың тауқыметін тартамыз ба – бәрі мына өзімізге байланысты екендігі қаншалықты рас?

Әлемге танымал бизнес-тренер және лектор Наталья Грейс өзінің кітаптарында осы сұраққа жауап беруге тырысқан екен. Оның пайымдауынша, адамдар өздерін кедейлікке бағдарламалайтын Гинетикалық Кедейлік Заңы бар. Ол Заңның негізін мына бір төрт фактор құрайды.

  1. Менталитет

Бала кезімізде үлкендер көрмей тұрғанда біз сыныптасымыздың үйіндегі диванның үстінде секіргенді жақсы көретін едік. Барынша секіргенімізден жоғары қарай көтерілетін шаң мен бет жағына жақын орналасқан серіппелері ойын баласы бізге кәдімгідей қуаныш сыйлайтын.

Арада жиырма жыл өтті. Бір күні мен сол балалық шақтағы құрбымның үйіне қонаққа келдім. Өкінішке орай, кезінде үстінде талай секірген диван әлі де сол күйінде бір бұрышта тұрғандығын байқадым. Әрине ол кереметтей өзгере қоймаған, бірақ мені таң қалдырғаны – сол үйдің кедейлігі мен жайсыздығы.

Мен ойша жаңа диван сатып алу қанша сомаға түсетіндігін есептей бастадым. Оның үстіне бес батпан кірден түсі көрінбейтін орындықтар мен шоколад қаптасымен желімдене салған сынық айнаны ауыстыру құнын да бір ойлап қойдым

Біз әңгімелесіп отырған уақыт ішінде мен өз қиялымда төбені ақтап, түсқағаздарды ауыстыра бастадым. Масалардың дағынан көрінбейтін терезелердің әйнегін жуып, диван астында жатқан ағаш таяқтар мен картон қораптарды, шұлықпен орай салған сынық гүл сауытын сыртқа апарып тастай бердім. «Ал егер ақша жағы қиын болса ше?» — деп тағы ойладым. Бірақ менің санамды тым құрығанда арзан, бірақ өздігінен жабысатын, бір қарағанда ағашқа ұқсас пленка сатып алып, онымен үстелді қаптау идеясы жаулап алды. Мен қай жаққа қарасам да еріксіз көзіме сынған зат, кір, дақ және қоқыс түсе берді.

Бір мезетте менің санам мені мынадай бір сұраққа апарып тіреді: «Қалай ойлайсың, неліктен әрқашанда кедейлік пен салақтық қатар жүреді?».

Енді бұл сұрақты мен сіздерге де қоямын.

Кір – бұл ақша жоқтықтың белігісі емес, бұл менталитеттің көрінісі. Ойланыңыздаршы: салақтық – бұл менталитет. Ендеше салақтық пен кедейлік қатар жүрсе, кедейлік те – менталитет емес пе?

Жоқшылық жуылмаған баста болады.

  1. Ұсақтылық

Мектепте әдебиеттен  сабақ беретін керемет ұстазым болды. Есімі — Тамара Григорьевна. Нағыз көреген, данагөй адам болатын. Оның кезінде айтқан бір ауыз сөзі менің санамда мәңгіге жатталып қалды. «Ұсақтылық дегеніміз – сервантта жаңа сервис тұрса да, сынық кеседен шай ішу».

Біздің халқымызда қалыптасып қалған жаман әдет бар. Ақшаны жайсыз күндерде керек болып қалар деп жинақтаймыз, ал жаңа затты реті келгенде пайдаланармыз деп алып қоямыз. Бірақ бір қызығы, сол реті келетін уақыт сағым ұқсап жеткізбей қояды, ал күнделікті өмір – жайсыз күндерден ғана құралып жатады.  Үнемі болашақты күтумен өмір сүретін адамға сол болашақ ешқашан келмейді. Осының барлығын ойлана келе, менің бір түсінгенім – кедей болу ұят екен, салақ болу да – ұят. Тұрмысың мен балаларыңның өмірінде көрініс табатын бұндай тірлік – өте ұятты.

Болашақты күтумен өмір сүру – тек тоқырауға ғана алып келеді.

  1. Күлбикеш комплексі

Жиырма жыл бойы саяжай сатып алу үшін ақша жинаған бір әйелді танимын. Ол екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ қыздары үнемі аш жүретін. Ал үлкені кезінде тізесі жамау-жамау шалбармен үйдің ауласына шығуға ұялғандығы жайында маған айтқан болатын.

Қыз бала бой жете берді және бейнебір сиқырдың көмегімен төменінен қайырылған шалбарының тігісі жазылып, ол да ұзара берді. Уақыт өткен сайын шалбар жаңармаса да, жаңа жазылған тігіс кедейдің қулығын тайға таңба басқандай әшкерілеп отырды.

Мемлекет жақсы табыс табуға мүмкіндік бермейді деп жүйені ұрысудың қажеті жоқ. Менің жүйеге емес, мына санадағы салғырттыққа қаным қараяды.

Қыздар өсті. Анасы арманына жетіп, саяжайды сатып алды. Бірақ бойжеткендерде саяжайға деген қызығушылық жоқ еді. Керісінше олар анасын дұрыс тәрбие бере алмағаны үшін кінәлады. Қыздардың бойында Күлбикеш комплексі қалыптасты. Кезінде өңі кеткен ыдыстан тамақ ішіп, қырық жылғы пальтоны киіп, әбден ескірген затты пайдалануға  әдеттеніп қалған олар енді өздеріне ақша жұмсауға қорқатын еді.

Есейе келе, ескі дүниеден басқа ештене көрмеген қыздар жаңа бір зат сатып алса, көңіл-күйлері күрт нашарлап кететін жағдайға душар болды. Себебі олар өздерін осы бір жаңа әдемі затқа лайық емес деп санады. Бұның барлығы, достар, екі ауыз сөзбен айтқанда «гинетикалық кедейлік» деп аталады. Ол біздің санамызда, қанымызда, сүйегімізде.

Ақшаны өзіне жаратуға қорқу – адамды кедей қылады.

  1. Санадағы бағдарламалау

Тесік, шұрықты көріп өскен бала өз өзін еріксіз түрде таршылықта өмір сүруге бағдарламалайды. Есейе келе, ол жоқшылықтың тауқыметін жан-дүниесімен сезінеді. Орыстың классик жазушысы Антон Павлович Чехов та сыры кете бастаған қабырға мен лас дәліздер студенттің оқу үлгеріміне кері әсер ететіндігін айтқан болатын.

Кір мен кедейлік адамның еңсесін басады, жоқшылықпен жолдас болу өмірде оның жолын байлайды.

Әрине, таршылықты көріп өскен бала сол тауқыметтен арылу мақсатында тырмысып бағады, ақша табуға әрекет етеді деп сіздер маған қарсы шығуларыңыз әбден мүмкін. Әлбетте. Бірақ сол әсердің басым күшінен құтыла алмай, әдетінше «шиіне шыбын қонбаған» тірлікпен ғұмыр кешетіндер әлдеқайда көп. «Байлық – бұл сана кейпі» деген сөзді сондай жақсы көремін. Сол сияқты кедейлік те – санамыздың кейпі.

Байлық пен кедейлік – бұл біздің санамыз бен біздің ойымыздың көрінісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.