БҰҰ өкілі қазақ дипломаттарының кәсібилігіне тәнті болды 

0 0

 ҚазАқпарат — Нью-Йорктан тікелей байланысқа шығып, қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаттасқан БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча қазақ дипломаттарының кәсібилігіне тәнті болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстанның дипломатиялық қызметіне баға бере кетсем деймін. Қауіпсіздік кеңесіне қатысқан тәжірибеме сүйене отырып, қазақстандық дипломатия өзіннің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсетті және көрсетіп те келе жатқанын баса айтқым келеді.

Осы тұрғыда Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен БҰҰ Бас ассамблеясы бұл жұмыстарды жоғары бағалайды деп ойлаймын. Қазақстанға алдағы уақытта да өз жұмыстарын осындай конструктивті, кәсіби рухта жалғастыра беруіне тілектеспін», — деді Мирослав Енча. Сонымен қатар БҰҰ өкілі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығына қатысты пікірін білдірді. «Осы айда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Бұл айрықша маңызды рөл. Өйткені Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде оның отырысын шақырып, күн тәртібін ұйымдастырады және Қауіпсіздік кеңесі атынан сөз сөйлейді. Келесі аптада Қауіпсіздік кеңесінің бірнеше өте маңызды отырысы болады. Біріншісі — Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ядролық қарусыздану, сенім шаралары мәселелеріне арналған отырыс. 19 қаңтар, жұма күні Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелеріне арналған отырыс өтеді», — деді Мирослав Енча. Айта кетейік, 2018 жылдың 16-18 қаңтары аралығында Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барады. Сапар барысында АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесулер жоспарланып отыр. Президент сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады.

Дереккөз:inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.