Елбасы жолдауы — білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштерінің нақтылы бағдарламасы

0 29

Жыл сайын Қазақстан халқына арналған Мемлекет басшысының Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған басты құжат болып есептеледі. Жалпы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, коммуналдық қызмет көрсету, көлік және байланыс сапасының жақсаруы – өмір сүру деңгейінің басты көрсеткіштері болып табылады.

Елбасы әдеттегідей өзінің Жолдауында әлеуметтік салаға зор назар аударды. Оның ішінде қоғамның әртүрлі сатылары бар. Ғалымдар, студенттер, оқушылар болсын, зейнеткерлер мен жұмыскерлер болсын қоғамның әр мүшесі болашақта өзінің даму жолдарын осы Жолдаудан айқын көре алатынына сенімдімін. Әрине, алдымыздағы басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Ол айналып келгенде өмірдің сапасын жоғары көтеру болып табылады.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жүзеге асырылуы тиіс 10 міндет айқындалғанын атап өтті. Білім беру саласының қызметкері болғандықтан, бізге адам капиталының жаңа сапасына қатысты жетінші міндет көп ой салып отыр.

Елбасы Қазақстан халқына жолдауында осы жетінші міндетте білім беру саласын дамыту бойынша маңызды міндеттерді айқындап берді. Президент барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттігін айтады. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет», – дейді Елбасы. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болып отыр. Жалпы еліміз бойынша 2016-2017 оқу жылында 1 сыныптар, 2017 жылдың 1 қыркүйегінен 2,5,7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Мониторинг және педагогикалық зерттеулер орталығы облыс мектептерімен тығыз байланыс орнатып, зерттеулер жүргізіп келеді. Орталықтың мақсаты — 1) облысымыздағы 451 мектепке кешенді әдістемелік қолдау көрсету жұмысын үйлестіру, 2) жаңартылған мазмұнда шығарылып жатқан оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын зерделеу, 3) оқу үрдісін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға мониторинг жүргізу. Осы мониторинг нәтижесінде келесідей мәлімет жинақталды. Атап айтқанда, бүгінгі күні Жамбыл облысындағы 2 мектептің (Тараз қаласы, №41 гимназия; Т.Рысқұлов ауданы №1 мектеп-лицей) 3-ші сыныптарында (271 оқушы) жаңа стандартқа сай әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері, оқу жоспарлары мен бағдарламалар сынақтан өткізілуде.

Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 675 мектеп әкімшілігі, 5082 бастауыш және негізгі сыныптарда сабақ беретін педагогтар білім жетілдіру курстарынан өтсе, 556 мұғалім тренерлерді дайындау курстарында білімін жетілдірді. Алайда бұл жеткіліксіз. Осы орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мақсатты кешенді жұмыс атқарып жатыр. Атап айтқанда, биылғы 3-курс студенттері 2019 жылы ЖОО тәмамдап, орта мектептерге жас маман ретінде жаппай үштілді білім беру процесіне кіріскелі тұр. Осыған орай стейкхолдерлердің ұсыныстарын ескере отырып, жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес элективті пәндер оқытылуда.

«Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты», – дейді Президент. Біздің жоғары оқу орнында Дублин дискрипторларына сәйкес модулдік білім беру бағдарламлары енгізілді. Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының базасында эксперименталды-тәжірибелік алаң ашылып, ТарМПУ профессор-оқытушы құрамы физика, биология, химия, информатика пәндерін тіл мен мазмұнды кіріктіріп оқыту технологиясы бойынша үздіксіз оқыту семинарларын сериясын өткізіп, теориялық-әдістемелік қолдау көрсетілуде. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне Германия, Ұлыбритания, Белоруссия, Ресейден ғалым-эксперттер шақырылып, ЖОО ПОҚ мен жаратылыстану бағытындағы оқу пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мектеп мұғалімдеріне арналған «Тіл мен мазмұнды кіріктіріп оқыту технологиясын (CLIL) қолдану қағидалары» бағытында халықаралық оқыту семинарлар сериясы ұйымдастырылып өткізіліп жатыр. Кембридж Университеті және Злин Университеттерінің ынтымақтастық аясында «Үштілді білім беру жағдайында тілдік ортаға ену және кіріктірілген оқыту» атты бірлескен жоба CLIL технологиясына негізделіп, 5В011200-«Химия», 5В011400-«Тарих» білім беру бағдарламалары бойынша іске асырылып, бірінші кезеңі аяқталды. Жолдауда «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен

бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет» – деп айтылғандай «Қазақстан Республикасында үштілді білім беру саясатын жүзеге асыру аясында орта білім беретін мектептерде пән мен тілді кіріктіре оқыту технологиясын (CLIL) енгізу» жалпы сомасы 41 млн. болатын ғылыми-зерттеу жобасы қолға алынды. Жобаға Англияның Кембридж университетінің, Германия Гамбург университеті мен Чехияның Злинь университетінің ғалымдары қатысатын болады. Жолдауда жоғары білім беру жүйесіне қатысты айтылған міндеттерді орындау үшін ТарМПУ ұжымы әлі де аянбай ат салысады. Адами капиталды қалыптастыру – ең негізгі міндет. Адами капитал арқылы жаңа білім мен кәсіпті игеріп, санада да, қоғамда да айтулы өзгерістер жасап, алпауыт елдер санатына қосылуға болады.

Мемлекет басшысы жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін он міндетті белгілеп берді. Ендігі міндет – осы он кешенді міндетті іс жүзіне асыру мақсатында жұмыла еңбек етіп, бірлігімізді берік, берекемізді баянды ете беру баршамыздың басты парызымыз болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.