Жас жігіт 10-қабаттан құлап кеткен баланы қағып алды (ВИДЕО)

0 3

Астана тұрғыны 10-қабаттан құлап кеткен баланы қағып алды. Оқиға 24 қыркүйекте қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде орын алған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz порталы.

Баланы құтқарып қалған төменгі қабаттағы көршісі Артем Карев болып шықты. 28 жастағы ер адам оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Мен балконға шыққанда көшеде адамдардың жүгіріп, айқайлап жатқанын естідім. Терезені ашып қарасам, адамдар шамамен мен жаққа қарап тұр. Осы кезде төбеме қарап, онда баланың ілініп тұрғанын көрдім. Ол құлап кетті. Артынша мен оны қағып алдым. Балконға алып кірдім», – дейді жас жігіт.

Оның сөзінше, бала шамамен 7 жаста. Өз кезегінде көрішлері жедел жәрдем мен құтқарушыларды шақырған.

«Анасының жағдайы нашарлап кетті. Көшеде тұрған еді. Анасын танимын. Сәлеміміз түзу», – дейді Артем.

Жас жігіт баламен сөйлесіп үлгерген. Бала терезеден шығып кетіп, далада серуендемек болғанын айтыпты.

«Ол үйде жалғыз отырғанын айтты. Анасы сыртынан жауып, 15 минутқа шығып кеткен. Ол зерігіп, көшеде қыдырып келгісі келген. Күртесін, бас киімі мен аяқ киімін киіп алып, терезедегі торды пышақпен кесіп, төменге түсе бастаған. Осы кезде ілініп қалған. Мен терезеден қараған кезімде: «Көмектесіңіздер», – деген дауысты естідім. Өзім шок жағдайында болдым. Ыңғайланып тұрып, дер кезінде қағып алып үлгердім», – дейді Артем Карев.

Артем сол күні өзі құтқарып алған баланың анасымен сөйлесіп үлгермеген. Оқиғадан кейін жедел жәрдем дәрігерлері баланың анасының жағдайын бақылапты.

Артынша оқиғаның видеосы Instagram желісінде тарап кетті.

ІІМ ТЖ комитетіндегілер оқиғаның 24 қыркүйекте Астанада болғанын растады.

«Сағат 10:16-да баланың 10-қабаттан құлап кетуі мүмкін екендігі туралы қоңырау түсті.  Елордалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына сағат 10:22-де келген. Бұл кезде 2012 жылғы баланы 9-қабатта тұратын көршісі құтқарушылар жеткенге дейін құтқарып қалғаны белгілі болды. Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ол ата-анасына тапсырылды. Көмек қажет болған жоқ», – дейді ведомстводағылар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.