Бала неге тұйық болып өседі?

0 8

Кей отбасындағы балалар тұйық мінезді болып өседі. Ешкіммен сөйлескісі келмейді, немесе ешкімді жақтырмайды. Бала мінезінің тұйық болуының негізі себептері төмендегідей.

Ата-ананың кінәсі

Бала отбасында өзін жалғыз сезінгендіктен мінезі тұйық болады. Ата-анасының өзімен әңгімелесуден қашатынына, бірдеңені сылтауратып кетіп қалатынына, әңгімесінің қызықсыз екенін ашық айтқанына бала өзінің көңіл күйін, қайғысын білдірмеуге, ішінде сақтап қалуға үйрене бастайды. Ол ата-анасымен сөйлесуге тырыспайды, ал егер одан бірдеңе сұрай қалсаң, қысқа ғана жауап береді. Бұлай істеуінің себебі үлкендер ашуланады, ұрысады, жазалайды деп қорқады.

Ал кей ата-аналар баланың жақсы болуын ойлап, жағдайын жасап жатырмыз деп әке мен ананың арасында тығыз байланыстың орнауын назардан тыс қалдырып жатады. Ата-анасы үйінде, бірақ бала оны сезінбейді. Әркім өз шаруасымен әуре. Мұндай баланың жанының қатты қиналатынын ата-анасы білмейді де, өйткені қанша сүйікті болғанымен де ойыншықтары анасы мен әкесінің орнын алмастырмайды.

Бала бойындағы физикалық кемістік

Бала бойында физикалық кемістік (көзі нашар көріп, көзілдірік киюге тура келсе, семіздік, арықтық, кекештену, т.б.) бар болса, мінезінің тұйық болуына себеп болады. Мұндай жағдайда дәрігердің арнайы көмегіне жүгінумен қатар, ата-ана баланың кемшіліктеріне мән бермей қалжыңмен қарауына, қысылмауына көмектесуі керек. Бұл сезімді бала бойына ұялатуға түрлі ойындар пайдасын тигізеді. Балаға өзіңіз не отбасыңыздың басқа мүшелері туралы қызықты оқиғаларды, күлкілі әңгіме құрастыруды ұсыныңыз.

Кез келген адамның күлкілі жағдайға, қызықты оқиғаға тап болатынына көзі жеткен кезде, бала айналасындағылардың әжуалаған көзқарастарынан қысылмайтын болады. Себебі олар да кез келген уақытта мұндайды басынан кешіруі мүмкін. Егер бала көпшіл болмаса, сырт келбетінің ұсқынсыздығы үшін қысылса, оның ішкі жан дүниесінің ерекшелігіне мән беріңіз. Бұл баланың өзіне деген жоғары бағасын жоймайды («мен аздап толықпын, есесіне бәріне менімен көңілді», «мен қалқан құлақпын, есесіне менен қатты ешкім жүгіре алмайды», «мен көзілдірік киемін, есесіне жұмбақтың шешуін бәрінен бұрын табамын».)

Қандай жағдай болмасын балаға мейіріммен қарап, жылы сөздеріңізді аямаңыздар. Бұл баланың өзіндік орнын байқатады, өз-өзіне деген сенімі жоғарылатады, жанына жылу береді. Бұл баланы тым еркелетіп жібереді деп уайымдамаңыз. Бала кезінде мұндай байланыс оған өте қажет. Бала көзін ашқан сәттен бастап әкесінің анасы туралы, анасының әкесі туралы,  екеуі өзі туралы ойлайтынын көрсе, болашақтағы тәрбиенің бастамасы қаланады. Бұдан келіп бала ұжымда өзін солай ұстайды (балабақша, мектеп,  достары арасында, т.б.), ал өсе келе осы қағида бойынша өз отбасындағы байланысты құрады.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.