Ақылды ананың ақылы

0 3

«Қыз жат жұрттық», «қыз қонақ». Ұзатылған бойжеткен ақ босаға аттап келін болды. Анасы бауыр ет балапанына былай деп ақыл айтты:

— Қызым, бүгіннен бастап сен біздің қолымыздан кеттің. Басқа бір адамның жары, жақыны болдың. Күйеуің сенің ендігі бүкіл өміріңе серік болатын адам. Қуанышыңды көбейтеді, қайғыңды азайтады. Оның саған деген махаббаты мен үмітін аяғыңа таптама.

Қызым, отбасы болу оңай шаруа емес. Бір шаңырақта қайын атаң мен қайын енеңді құрметте. Оларды өз анаң, өз әкеңдей көр. Кішіге құрмет, үлкенге иба таныт. Оларды түсін, мінезін көкейіңе түй, сол мінездерге қарай мәміле жаса. Олармен түс шайысып, қабақ шытысудан аулақ бол. Өйткені, сенің бұл ісіңнің жүгін, ауырлығын басқа емес күйеуің көтереді, жүрегіне салмақ түседі. Екі оттың ортасында қалады. Ер адам жанұяның тірегі, күйеуің қам-қайғысыз болсын. Олардың көңілінде алаң болса істеген жұмысында береке болмайды. Оған сүйеу бол.

Қызым, күйеуіңнен сыр жасырма. Күйеуіңнен басқа адамға сыр айтпа. Басқалардың алдында күйеуіңе қарсы сөз айтпа, абыройын төкпе. Ер азаматтар әйелінің ең үлкен, ең жаман деген кемшіліктерін бірден кешіріп жібере алады, бірақ, дәл осы дос-жаран, көпшіліктің алдында бетінен алып, қарсы сөз айтқан кезіңді мүлде кешіре алмайды. Бұл олардың табиғаттарында жоқ. Қанша айтқың келіп тұрса да, ел-жұрттың алдында оны мақтап, шарапатын асыр.

Қызым, күйеуің іш тартатын, жақсы көрмейтін істерден аулақ бол, ондай әдеттерің болса таста. Күйеуің тапқан ақша мен байлыққа ұқыпты бол. Үйдің ырысы мен берекесі сенің қолыңда. Үйіңді таза, ретті ұста. Балаларың әкесін сағынып, одан өнеге алуға үйрет. Құрметтеуді үйрет. Олардың көкірегінде әкесінен ұлы адам болмасын. Қызым, бұл айтқан істерді орындау ақылды, ибалы келіндер үшін орындау тым қиын емес. Ақылды әйел күшімен емес, зердесімен-ақ тау қотарады. Өзіңді күйеуіңнен төмен ұста, асқақтау сенің бүкіл өміріңе, бақытыңа, жылы отбасыңның тамырына балта шабады.

Үй болған соң, шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды. Осындай сәттерде салмақты бол, кей сөздерді айтудың керегі де жоқ. Бет-әлпетіңді, сөз ләміңді суыққа салып немесе байсал қалпыңнан өзгерте көрме. Ашу өткінші, оған қарсы болам деме. Жақсы әйел – өз күйеуінің ашуы алдында да өзін еркін ұстап, оған еркелей білетін әйел.

Қызым, балаларыңды мектепке дейін жақсы тәрбиеле. Бала бүкіл өміріне жететін ақылды мектепке дейін алады.

Қызым, бақытты бол!

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.