Ерніңіз жарылса…

0 8

Әйелдердің көпшілігі ерін күтімі үшін сәндік косметиканы қолдану жеткілікті деп ойлайды. Тіпті, гигиеналық ерін далабын барлық қыздар бірдей қолданбайды. Оның орнына косметикалық ерін далабының ылғалдандыратын және қоректендіретін қоспалары бар түрін таңдауға тырысады. Бірақ ерін күтімі үшін ол жеткіліксіз.

Ерін де тері сияқты ұқыпты күтімді қажет етеді. Ерінге дұрыс күтім жасалмағандықтан ол жарылады, қабыршақтанады немесе оның табиғи түсі кетіп, ағарып тұрады. Мұндай ерінді боясаңыз да, әдемі көрінбейді. Оның үстіне қатты жарылған ерін ауырады. Үйде бар өнімдерден ерінге қалай күтім жасауға болады?

Ең алдымен ерінді де бет терісі секілді тазарту керек. Ерінге аптасына бір немесе екі рет пилинг жасау жеткілікті. Ол үшін нанның қатты жерін жылы сүтке малып, жұмсарту керек. Оны ерінге жағып, аздап уқалау қажет. Ерніңіз бірден жұмсақ әрі тегіс бола түседі.

Содан соң ерінге маска жасауға болады. Ол үшін ерніңізге қаймақ жағыңыз. Ол кеуіп кеткеннен кейін тағы да қаймақ жағыңыз. Оның кепкенін күтіп, 5-6 қабат болғанша қайталаңыз. Соңғы қабатты жаққан соң масканы ерінде 10-15 минут ұстаңыз.

Соңынан масканы жылы сумен жуып тастаңыз. Қаймақтың орнына айран қолдануға болады. Ерінге мынадай да маска жасауға болады: 1 шай қасық қаймақ, 3 тамшы сұйық май мен лимон суын араластырып, ерінге қалың қабат етіп жағып, 20 минут күту керек. Содан соң жылы сумен шайып тастаңыз. Ерінді жасартуға мұз текшелері жақсы көмектеседі. Ол үшін таңертең ұйқыдан тұрған кезде бет терісін және ерінді мұз текшесімен массаж жасай уқалаңыз. Еріндегі косметиканы кетіргенде оны сабындап сумен жуа салмаңыз. Алдымен оны кометикалық сүтпен тазартып алыңыз.

Егер таңертең ұйқыдан тұрғанда ерніңіздің қатты құрғап тұратынын байқасаңыз, ұйықтар алдында ерінді қияр бөліктерімен сүртіп жатыңыз.

Бет терісі, шаш, тырнақ және ерін жағдайы тамақ сапасына тікелей қатысты. Тәттілердің орнына көбірек жеміс, бал, тосап жеуге тырысыңыз. Сүт өнімдері, жұмыртқа, бауыр, майсыз ет, теңіз өнімдері, қарабидай наны, көкөністер мен хош иісті шөптер – әйел сұлулығына қажетті өнімдер.

Дереккөз: massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.