Батыс Қазақстанда 57 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алуда

0 6

Батыс Қазақстан облысында 57 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 14 қаңтардағы қаулысына білім мекемелерінде білім беру процесін ұйымдастыру бойынша тиісті іс-шаралар алынды.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі 521 ұйымның барлығы (32 179 бала) штаттық режимде жұмыс жасайды.

Мектептерде үшінші тоқсан 17 қаңтарда басталып, 18 наурызға дейін жалғасады. Облыс және аудан орталықтарында оқушы саны 600-ге дейін 297 мектеп болса, онда 40 912 шәкірт штаттық режимде білім алады. Сондай-ақ оқушы саны 600-ден асатын 10 ауыл мектебінде 7826 жеткіншек те солай оқытылады.

Штаттық сипатта білім алатындар үшін тамақтандыру ұйымдастырылады.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қалалық жердегі оқушы саны 600-ге жетпейтін 28 мектеп (7 984 шәкірт) штаттық режимде жұмыс жасайды. Қалалық жерде оқушы саны 600-ден асатын 44 мектепте 57 167 шәкірт қашықтан оқытылуда.

Қаулыға сәйкес 1-2 сыныптардағы 13 483 оқушыға оқыту штаттық сипатта жүргізіледі. Қашықтан білім беретін мектептерде 3-5 сыныптарда 20 060 оқушы бар. Оларға кезекші сыныптар ұйымдастырылды, соның ішінде 18 196-сы штаттық, 1 864-і қашықтан оқытылады. Бұл жерде ата-ананың өтініші негізінде қашықтан білім беріледі. Білім беру ұйымдары қашықтан оқитындарға компьютерлік техниканы таратуда. Оқыту онлайн платформасымен ұйымдастырылады.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 2021-2022 оқу жылында 34 колледж (17 391 студент) жұмыс істейді. Демалыс студенттерге 24 қаңтарға дейін ұзартылды. Колледждер студенттерін оқыту аралас сипатта жүргізіледі: барлық дәрістер онлайн, икемді кесте бойынша, тәжірибелік, зертханалық, семинарлық сабақтар штаттық режимде. Сонымен қатар толық вакцинация курсынан өткен оқушылар мен студенттерді оқу орны әкімшілігінің қалауы бойынша штаттық режимде оқытуға жол беріледі. Облыс бойынша барлығы 2 732 оқушы вакцина алған. «Өңірде 50 қосымша білім беру орталығы қызмет атқарады. Оларда оқушылардың 54,2 пайызы қамтылған. Оқыту – жеке сабақтар штаттық режимде, топтық сабақтар – 10 адамға дейін офлайн болады. Мектептердегі қосымша сабақтар қашықтан ұйымдастырылады. 3 облыстық арнаулы білім беру ұйымында және 13 түзету орталығында оқу штаттық сипатта жүргізіледі. Барлық білім беру ұйымдарында міндетті түрде санитарлық талаптарды сақтау шаралары қолға алынады», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қай мектептердің онлайн оқытуға көшетінін, өңірде инфекциялық стационарда жатқандар саны 150-ден асқанын жазған болатынбыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.