ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » » Мәдениет және ұлт мәселелері

Мәдениет және ұлт мәселелері

Мәдениет және ұлт мәселелері
ӘӨЖ: 008:908

Е.Ұ.Нұрғазиев 

Тараз политехникалық колледжінің
директордың оқу-өндірістік
тәжірибе  ісі жөніндегі орынбасары,
педагогика ғылымдарының магистрі 

 
 
 
 
 Мәдениет және ұлт мәселелері. 
Ұлт боламын десең-бесігіңді түзе.
     Осы тақырыптың беташары етіп ең алдымен «мәдениет» және «ұлт» ұғымдарымен жіті танысып алғанымыз жөн болар. Себебі, қазіргі біздің демократиялық қоғамымызда өзім білемін, нендей сөз сөйлесем де өз еркімде деген азаматтар мен азаматшаларымыздың көбейіп кеткені бізге айтпасақта белігі, сол себептен осындай адамдар өз ұлты мен мәдениетіне нұқсан келтіретіндіктен осы егіздей болып кеткен сөзді зерттеп, саралап көрелік.   
      Ең алдымен «мәдениет» сөзіне тоқталсақ, бұл ұғымды араб тілінен аударатын болсақ «қала», «қалашық», ал латын тілінен аударатын болсақ «іріктеу», «сұрыптау», «талдау» деген синоним мәндес сөздерді құрайды. Ал «ұлт» сөзі болса гректің «этнос» деген сөзінен шыққан. Яғни белгілі бір аумақта тайпалық одақпен селбесіп өмір сүретін адамдар тобы. Жарайды бұл тарих және тағы басқа түрлі ғылымдар тұрғысынан алғандағы мәліметтеріміз, алайда тақырыбымызға оралатын болсақ қазіргі жастарымыздың мәдениеті, ұлтымыздың көптеген күрмеуі шешілмей тұрған мәселелері көңілімізге қаяу түсіреді. Амал не айта-айта алтайды, Жамал апам қартайды демекші қазіргі таңдағы ұлт мәселелеріне келгендегі теледидардан табылып жатқан көптеген бағдарламалар айта-айта жауыр болып кеткен мәселелердің біріндей. Бірақ, жалпы алып қарағанда қаншалықты осы мәселелеріміз көптеп қоғам болып көтеріп жатсақта шешілер түрі жоқтың қасы. Ұлт мәселесі-  ұлттардың, этникалық топтардың, халықтардың арасындағы саяси, экономикалық, аумақтық, құқықтық, идеологиялық және мәдени қатынастардың жиынтығы. Ұлт мәселесі негізінен ұлттардың дербестікке ұмтылуымен, ұлттық санасының өсуімен және олардың әлемдік экономикалық, ғылыми-техикалық, мәдени даму үрдісіне араласуға ұмтылысымен байланысты болып келеді. Ұлт мәселесі ұлт өмірі мен ұлт қозғалысының жандануы, ұлттық езгінің қандай түріне болсын қарсылық ұлттық мемлекет құру, т.б. мәселелерді қамтып, әлемдік нарыққа, саяси, экономикалық өмірге белсене араласумен сипатталады.
Осыған байланысты мәдениет пен ұлт мәселесіне талдау, зерттеу жүргізіп көрелік.     Ең алдымен мәдениет және ұлт мәселелерін төмендегідей топшалап алалық:
-          Қазақ мәдениетінің төмендеуінің негізгі себептері;
-          Ұлтқа қатысты бірнеше мәселелер: тілі мен діні, ұлттық менталитет.
     Негізінен ұлттық-этникалық қауымдас­тық­тардың теориялық мәселелерін талдамас бұрын, ұлттық фактордың ұдайы өсуі және пікірталастарға толы ұлт жөніндегі терминологиялық проблемаларға назар аударған жөн болар. «Ұлт», «этнос» бірқатар ғалымдардың категориялық аппаратына енген ұғымдар. ХХғ. ортасына дейін ғылым мен технологияның дамуы, демократияландыру, азаматтық біртектілік этностық бел­гілерді бірте-бірте ығыстырады деп болжам жасалған болатын. Алайда, бұрынғы Кеңес Одағында таптық қатынастарға зор мән беріліп, этникалық фактордың маңыздылығы мойындалмағаны белгілі. Бірақ, тарихи тәжірибе этникалық құбылыстардың әлеуметтік және саяси үрдістердегі мәнін сақтап қана қоймай, күшейгендігін көрсетті. Ұлттық проблема бүгін жаһандық мәселелердің біріне айналды. Отарлау жүйесінің күйреп, тарих санасына жаңа ұлттардың пайда болуы бұл мәселеге зор мән бергізді. Бүгін ұлттық қатынастарды әлеуметтік антропология, психология, әлеуметтік философия, этнопедагогика және басқа да ғылымдар зерттеулерін жалғастыруда. Бүгінгі қауіп-қатерге толы, ұлтсыздық пен экстремизм бас көтерген заман­да толеранттылық немесе төзімділік, өз­гені сыйлай беру қаншалықты тиімді? Егер, мемлекеттің тілін сыйламау, меңгермеу, тіпті масқаралау, мемлекеттік рәмізді қорлаумен ке­лісу болмайтындығы ақиқат болса да, төзімділік көрсету керек деген қағиданың солқылдақ екендігі белгілі. Толеранттылық ештеңеге аралас­пау­­шылық, селқостық, ықылассыздық, пәр­менсіздік, басқаны қабылдай беру дегенді білдірмейді. Жеке адам, қоғамның басым көпшілігі қабылдамаған, мойындамаған құндылықпен келісу мүмкін емес жағдай. 
Сонымен, тарихи қалыптасқан ұлт­тық-этникалық қауымдастықтардың тұрақтылығы, беріктігі оның адамдардың маңызды қажеттілігі, сұраныстарынан,  тіпті мұқтаждықтарынан туып отырған жағдай. Ол біріншіден, ұлттық сана-сезім, психология оның мәдени және рухани құндылықтарының бейнесі, ұлттың ұлт ретінде басын біріктіріп, тұтастығына, тарихын сақтауына негіз болады. Ал, екіншіден, этникалық стереотиптер, ұстанымдар басқа ұлттарды қабылдауға, «біз» бен «оларды» салыстыруға, олармен араласып, алысып-берісіп өмір сүруге бағыт береді.
Үшіншіден болса, адамның дүниетанымы, рухани бейнесі, мәдени таңдауы, өмір салты, дәстүрі, наным-сенімі көп жағдайда этникалық тегіне байланысты. Сондықтан да, ұлттық қауымдастық конструктивистер айтқандай жасанды идея емес. Белгілі бір тарихи қажеттіліктен пайда болып адам өміріне де зор ықпалын тигізіп  отырады. Сөйтіп, өзінің қалыптасқан мәдени, әлеуметтік, дәстүрлі, тілдік ортасынан бөгде ортада адам өзін-өзі әлсіз, дәрменсіз сезінеді, кейде тіпті күлкілі көрінеді. Оның іс-қимылы басқа ұлт өкілдеріне оғаш көрінуі де әбден ықтимал. Оның мәртебесі, оның қаржысымен емес, өмір сүретін ортасы, білімділігі, мәдениеті, тәрбиесімен айқындалады. Ол жеке адамды жатсынудан туған жағдай емес, керісінше өзінің басқа ортада ыңғайсыз сезінуінен туған жәйттер болып табылады.
Тәуелсіздік және ұлт мәселесі дегенде: тағылымдар мен таңдауларға көз жүгіртсек. Сырт көз сыншы дегендей, Қа­зақ­стан тәжірибесімен танысқан Еу­ропарламент депутаттары Қа­зақ­­стандағы демократияның «тұқы­мы» еуропалық емес, қазақстан­дық, ал біз өз тарапымыздан оған тек ылғалдандыратын «су» ғана бе­ріп, тәжірибе алмасып, адам құ­қын қорғаудың демократиялық тетіктерін жақындата аламыз деген болатын. Этникалық мәдениет адамдарды жікке бөледі, тіпті қарсы қояды, жанжалдарға апарады дей келіп, олар Қазақстан тек мұнайлы ел ғана емес, ұлтаралық келісімді сақтап отырған ел деп бағалайтындарын мойындады. Қазақстандық ұлт саясатының сабақтары мен кейбір кө­кейкесті мәселелері бүгінгі этносоциологиялық тұрғысынан саралануы тиіс. 
Себебі, адамзат тарихы байлық, билік, ман­сап үшін таптардың, топ­тар­­дың тартысы ғана емес, ұлт­тардың да бәсекелестігі, тәуел­сіздік үшін күресі. 
Бүгін жаһандану үрдісіне қарамастан, ұлттық мемлекет пен ұлттық тәуелсіздік – адамзат тіршілігінің іргелі жолы есептеледі. Бүгін ұлттық патриоттық күштердің ықпалын есепке алмай, әлемді тану, болжау мүмкін емес екендігі ақиқатқа айналып отыр. Социализм, капитализм, дейді кейбір ғалымдар, ұлт құдіретінің қасында сына қалатын жай ғана шөп сияқты деп тұжырымдамаларын жасайды. 
Ал тағылымдық жағдайларымызға зер салсақ, Қазақстан тәуелсіздігі төңірегінде күні бүгінге дейін әр түрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер барлық республикалар Одақ­тан біржола кеткеннен кейін, Қазақстан амалсыздан жариялады дегендей пікір айтса, енді біреулер Қазақстан соңғы күнге дейін жаңа үлгідегі Одаққа сенді дейді. 
Қазақстанның ұлт саясатының тағы бір тағылымы егеменді елдің ұстанымында жа­тыр. Қазақстан Республикасы – басқа мемлекеттер сияқты, этностардың бәсе­ке­лес­тік алаңы, олардың орынды талаптарын қа­нағаттан­дыра­тын, орынсыз даулары мен дәмелерін де саралайтын кеңістік болып табылады. Ұлт­аралық және ұлтішілік қатынастар ахуалы қашан да күр­делі, тұжырымдар, пікірлер мен ой-толғау­ларға толы. Мәселелердің ше­шілу жолдары, сауалдары мен оған жауаптары да оңайға соқтырмайды, келіспеушіліктер де  туындап жатады. 
Бүгінгі ахуалымыз,  Мемлекетіміз тарыдай шашыраған қазақтың басын қосуға біраз күш салды. Н.­Ә.На­зарбаев Қазақстан халқына Жол­дауында «шет елдерден 800 мыңнан астам отандастарымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты»- деді. Дегенмен, ел ішінің тыныштығы жай­барақат, қаперсіз, бейжай көңіл-күйге, келісімнің сылбыр, марғау, қамсыз ахуалға ұласпағаны керек. Кейде тұрақтылық төңі­регінде қарабайыр, жаттанды ресми насихат халықты жалықтырады, ұлт­аралық ке­лісімнің қазақстандық моделін пробле­ма­ларды мүлдем біржола шешілгендей, бар­лығы тап бүгінгідей бола беретіндей кө­реміз. Экраннан әр түрлі тілде ән шырқап, би билеп жүрген ұлт өкіл­дерін көріп, ішіміз одан әрі жібіп, мейір­ленуге де болар еді. Алайда, күнделікті тұр­мыс ән мен биден тұрмайтынын, кейде күрделі мәселе­лердің барлығын біле тұра оларды айналып өтуге тырысаты­нымыз өкінішті-ақ. Көңіл толмас жақтары да баршылық.   
Ұлт саясатын талдағанда қазақ ұлты­ның мәселесі алға шығатыны бәрімізге анық. Бү­гінгі ақпараттық заманда қазақтар өз мәртебесін кеңес заманымен салыстырып қана қоймайды. Сонымен қатар көптеген мемлекеттермен салыстыр­ған­да, мемлекет құраушы қазақ ұлтының отарланған ұлт екені әлі күнге анық байқалып тұр. Оның дәлелі ретінде: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл, мәдениет әлі басымдыққа ие бола алмады; 2) азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білудің міндетті еместігі; 3) мемлекеттік тілді халыққа қызмет жасауға қолданбау; 4) сот жүйесі, құқық қорғау орган­дарының байырғы ұлттың тілін меңгермеуі, сондықтан байырғы ұлттың тілін қорғамауы; 
Қазақ тілі мен мәдениетін қазіргі бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында қазақ баспасөз жұмысшылары мен мәдениет саласындағы қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және бұқаралық ақпарат құралдарымен қазақ мәдениетін қолдауға қаржылық жағынан басымдық беру кажеттігі олуы керек. Бөгде мемлекеттер тәжірибесіне сүйеніп, заң негізінде ұлттық мәдениетті қорғау, БАҚ, ұлттық мөлшерінің шетелдікке қарағанда басымдығын қадағалап отыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен, қазақ ұлтының экономи­ка­лық, әлеуметтік, демографиялық, рухани жаңаруын, ұлт ретінде тұтас­ты­ғын қамтамасыз ететін жалпы мемлекеттік бағдарламалар дайындау және іске асыру кажеттігі бар. Мәселе қазаққа артықшылық беруде емес, отарлау сая­сатының жарақатының орнын тол­тыруда болып отыр. 
Ұлт мәселесіне келгенде тағы бір мәселе туындайды, ол  лауазымды жұмысқа әр ұлт өкілде­рін тарту төңірегінде ел ішінде әртүрлі пікірлер бар. Біразы демократиялық қоғам­да лауазымды қызмет ұлттық тегіне қарай емес, кәсіби деңгейіне, біліміне, тәжіри­бесіне қарай беріледі, осы қағи­даны біз де ұстануымыз керек деседі. 
Енді біреулер, олар басым көпшілік, бү­гінгі біздің менталитетімізді, психоло­гия­мызды, саяси мәдениетіміздің деңгейін ескере отырып, лауазымды жұмысқа ұсы­нылғанда ұлттық факторды ескеру жөн делінеді. Дегенмен, ұлттық факторға басымдық беру азаматтардың іскерлік қабілетін, кәсіби дай­ын­дығын ескермей, адам құқын шектейді деген сауал тағы да туындайды. Сонымен, елімізде қазақ ұлты, этнос­тар арасында қарым-қатынас өзара бәсе­ке­лестік жағдайда, әр этностық қауым­дас­тық іштей өзін басқалармен салыстырып, әт түрлі көңіл күй кешуде. Экономикалық бәсекелестік жағдайында қызғаныш та туады. Нарық заңы ұлтаралық қатынас­тар­­ды шиеленістіреді, басты бәсекелестік ұлтаралық қақтығыстарлы реттеу. 
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, қазіргі таңдағы ұлт және мәдениет мәселесіне, әсіресе қазақи мәдениетіміз туралы заң қабылдағанда аса байыптылықты сақтағанымыз абзал. Оның басты себебі, біз қазақ халқы шығыстық менталитетпен өмір сүріп жатқанда, батыстық менталитет пен субмәдениет ағымдарының әсері өте күшті деп проблемалық тұрғыдан қарастыруымыз керек. Осыған байланысты өзіндік құндылықтарымызды қалайда жоғалтып алмасақ еді, мәдениетімізді жақсы жаққа ауыстыру жолында жүріп. 
 
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
 
1.      Серікқалиев З. Ақ жол.-Алматы: Жазушы, 1990
2.      Советтік Қазақстан жазушылары.-А: Жазушы.-1987
3.      Хасенов Ә. Тіл білім. Алматы:-1996
4.      Шаяхмет А. Жер-Бесік.-Астана: Фолиант, 2004

Пікір: 0
Пікір қосу